Шаруалар жанайқайы: “Мал азығы жеткіліксіз”

Шаруалар жанайқайы: “Мал азығы жеткіліксіз”

Ауа райының қолайсыздығы теріскейдегі шаруаларға кері әсерін тигізіп отырған жайы бар.  Меңдіқара ауданы Теңіз ауылының қарапайым тұрғындары былтыр жаздағы аптап ыстық пен күздегі жауын-шашынның салдарынан мал азығы қорын жеткілікті деңгейде дайындай алмағанын айтып дабыл қақты. 

Қыс бойы  қатты аяз болып,  жердің тоңы әлі күнге жібімей тұр. Жылқылар тебіндей алмай, мүлдем арықтап кетті. Үйге әкелгендерінің қорадағы  шөбі біте бастады. Шаруалар егіннің сапасы нашар болып өткізе алмай дал болып жатыр.

Мәселен, Берік Үркербаев пен Қуаныш Макишев ауылда 35 бас жылқы ұстап келген. Биылғы ауа райының тосынсыйынан малдары тебіндей алмай жеті бірдей басын жоғалтқанын айтып отыр.

«Үйге әкелейін десек, анда тартсақ, мында жетпейді. Осы жағынан жекеде үйір-табын  бағатындарға  қолайлы шара қарастырылса», – дейді шаруалар.

Ауыл азаматы Нұрсұлтан Жортекеновтің басындағы сұрақ та шешімін тапса, ісі өрге басқалы тұр.

«Жазда қалада болып, қыстай үйде анама көмектесіп мал қараймын. Соңғы екі жылда жағдай қиындап кетті. Қысты орталап, әупірімдеп екі рулон шөпті зорға тауып алдық. Былтырғыдан қалған көрші қарияның үш рулон шөбі болмағанда,  не боларын құдай білсін. Содан ақырындап қыстан шығып отырмыз», – дейді Нұрсұлтан Жортекенов.

Осындай жандарға көмек қолын созуға тырысып жүрген жергілікті «ТЕҢІЗ АГРО» шаруа қожалығының жетекшісі, Меңдіқара аудандық мәслихатының  депутаты жүгі ауыр мәселелерді ел алдына көтеріп жүр.  Халықпен жақында кездесуге шығатынын да айтып қалды. Ондағы мәселе – шаруа қожалықтары мен серіктестіктерге түсіндіру жұмыстарын өткізіп, ауыл халықының пікірін тыңдау, екі жаққа да жағымды болатындай етіп келісімге келтіру.

«Наурыз мейрамынан бастап күн жақсы жылынып, қар біршама отырып қалды ғой. Шөптің басы көріне бастады. Шөбі біткендер малын далаға шығаратын болды. Бәрінің  мүмкіндігі шөбін сатып алуға  келе бермейді»,  –  дейді «ТЕҢІЗ АГРО» шаруа қожалығының жетекшісі Ербол Қарымсақов.

Болмаған соң жоспарлы түрде малын тапсыратындар көп. Биыл Ресей мен Белоруссия ет комбинаттарының орташа шикізат қабалдау бағасы  сиыр етінің көп болуына байланысты біршама арзандаған.

 «Сол себепті көп уақыт күтуге мәжбүр болдық. Көп кісілердің күзде тапсыратын жоспарлы малы кейінге  қалып қойып жатыр. Қыстан зорға шыққан жануардың көктемге дейінгі күйі қандай боларын ойлай беріңіздер!», –  дейді шаруа қожалығының жетекшісі.

Күзде бидайдың сабанын дайындауға екі фактор әсер етті.  Біріншісі  ол –жаңбыр. Кейбір шаруа қожалықтарының  егінін егіп, сабанын дайындамайтыны да қолбайлау болып отыр. Малмен айналыспаған соң ауыл тұрғындарына сабанын қалдыра бермейді. Биыл жемнің бағасы арзанырақ болды. Соның арқасында малды қыстан аман сақтап келе жатыр.

Осы жағдайды  болдырмау үшін жергілікті  тауар өндірушілер ауыл тұрғындарының қамымен тиімді бағамен сатып, үзіп төлеу арқылы нұсқаларын пайдаланып қолдау көрсетсе нұр үстіне нұр болар еді.  Сабанды керекті мөлшерде қалдырып отырған  жағдайда резервте тұрған ЖШС- дан сатып алуға мүмкіндігі болар еді.

«Қазір көп  пайлар серіктестіктерге өтіп кетті . Олар жерлерін құнарландыру үшін  комбайндарымен сабанды үстіне шашыратып жібереді», – дейді Ербол Қарымсақов.

Алайда былтырғы ауа райының қолайсыздығы оларға да кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Қазіргі егін науқанын қалай өткіземіз деген сұрақ туындап отыр. Оларға сата алмаған бидай, арпасымен  қара малды бордақылап ет арқылы ақшасын шығарып алуға болады. Осы тұста егін егумен қатар мал шаруашылығын да дамыту қажеттігі байқалып тұр. Мал ұстамайтын кезде осы ауыл тұрғындарын жем-шөппен тиімді бағамен қамтамасыз етіп отырулары керек. Сонда мал шаруашылығы дамып, ауылдың ішінде өзінің нарығы пайда болады.

 Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу