Меңдіқара ауданына жұмыс сапарымен барған Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Архипов ауылындағы Монгольская көшесінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді.
147,5 млн теңгеге жүзеге асырылып жатқан жоба аясында көшеге жаңа асфальт төселіп, жол жиегі бекітіліп, жол таңбалары мен белгілері орнатылуда. Жөндеу жұмыстары тамыз айының ортасына дейін толық аяқталады.

Облыс әкімі сапалы жол тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне, сондай-ақ ауылдардың дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Соңғы үш жылда Қостанай облысында 305 ауылдағы 1072 көше жөнделіп, 185 ауылға кіреберіс жол жаңартылды. Ал Меңдіқара ауданында 96,5 шақырым автожол мен 45 көше жөнделіп, бірқатар ауылдарға апаратын жолдар толық жаңғыртылды. Қазір Молодежное, Харьков және Қасқат ауылдарына баратын жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
