«Сезімнің» тәттілері

«Сезімнің» тәттілері

Науырзым ауданында биылғы жылы жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты төрт адам алатын болды. Қазіргі уақытта екеуі мемлекеттік грантқа ие болып, өз істеріне бастама алды. Алғашқы болып Қожа ауылының тұрғыны Орынгүл Жұмағазина бастап, кондитерлік өнім шығаратын шағын цехты үйінен ашып, тұсауын да кесті.

Орынгүл Жұмағазина – ұл-қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Өзінің қалауы тәтті пісіру, дастарқанды жайнатып қою. Оның қолынан шыққан өнімдерінің дәмі тіл үйіретінін бәрі де біледі. Өзі де осы іспен айналысса жаны рақаттанып кетеді.

– Тәтті пісіретінімді ауыл-аймақ түгел білетін. Мерекелік кештер мен туған күндерде арнайы тапсырыс бермесе де, қолымнан келгенше көмектесіп, пісіріп беремін. Өзім тамақ, тәттілерді пісіргенді жақсы көремін.  Содан ауыл әкімі ой салып, бағыттады. Шынымен де кейде өзімізді бағаламай жатамыз. Мен де ойландым, осы ісімді кәсіпке айналдырсам қалай болар екен деп. Алдымен кәсіпкерлік бағытта білім алдым. Сертификат қолға тигеннен кейін жобамды қорғадым. Шүкір, міне, өзіме қажетті заттарымды да алып, бизнес бастап жатырмын. Жеңіп алған қаражатқа кондитерлік аксессуарлар, түрлі құймақ табалары, гриль, кондитерлік аспаптар, пеш, микротолқынды пеш, тоңазытқыш, сорғыш, плита секілді қажетті құрал-жабдықтарды түгендедім. Осындайда қолдау білдірудің маңызы өте жоғары екен. Үкіметтен осындай бастамалар бар екенін білмейтіндер көп. Сондықтан қарапайым ауыл адамына ақпарат беру керек, – дейді Орынгүл Жұмағазина.

Осылайша өз ісін бастаған ауыл келіні бизнес әлеміне аяқ басты. Мүмкін шағын орын болашақта қанат жаяр, үлкен цех болар. Бастысы адамның өзіне деген сенімі емес пе.

– Орынгүлдің талпынысы жақсы. Баласы кішкентай болса да құжаттарын жинап, тапсырып, талпынып жатыр. Қожа шағын ғана ауыл. Барлық тұрғынды жақсы танимын, мүмкіндіктерін де білемін. Әрқайсысы өмірге бейімделіп, үкімет ұсынған мүмкіндікті пайдаланып қалса екен деймін. Ауылда біреу жұмыссыз жүрсе шақырып алып, сөйлесемін. Қандай дипломың бар, немен айналысқың келеді, қолыңнан қандай іс келеді деп сұрастыра бастаймын. Сосын шама-шарқына қарап бір мен ғана емес, әкімдіктегі өзге де мамандар біріге отырып бағыт-бағдар береміз. Кеңесімізді қосып, жолын көрсетеміз. Тіптен бойына сенім ұялатып, жігерлендіріп те жібереміз. Ал Орынгүл үнемі тәттелер пісіріп жүреді. Сонысын бақыладым да осындай бағдарлама бар, қатыс деп ақылымды қостым. Бұл ауылға да тиімді. Ауылдықтар басқа жаққа тапсырыс бергенше өзімізден неге алмасқа. Бизнес деген осындайдан бастау алады. Адам мүмкіндігін тиімді пайдаланып, өзіне сенімді болуы керек деп ойлаймын. Сонымен біздің пысық Орынгүл оқуын оқып, құжаттарын дайындап, грант алды. Бұл бүкіл ауыл үшін қуаныш, – дейді ауыл әкімі Айгүл Әлімғазықызы.

Орынгүл көп балалы отбасы санатынан “Бастау Бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өткен. Одан кейін 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 400 АЕК (1 476 800 теңге) мөлшерінде грант алған. Бизнес-жобасының атауы «Кондитерлік өнім шығару». Ауылда бұл бизнес идея жақсы дамып келеді. Енді бір жұмыс орнын беруді де жоспарлауда.

– Қазір еңбек еткеннің бағы жанады. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер көп. Мемлекет те іс бастаймын дегеннің қолын қағып жатқан жоқ. Қайта мүмкіндік пен жеңілдік қарастырған. Берекелі ісім уақыт өткен сайын жандана түседі деп сенемін. Шаруаға балаларым да қолғабыс ете жатар,– дейді ол.

Кәсіпкер өзінің орнын қызының есімімен «Сезім» деп атапты. Енді ауылдықтар «Сезімнен» тәттінің сан түрін ала жатар. Орынгүл жан-жағында қолдайтын жақындары барда қиындыққа мойынсұнбақ емес. Ісі алға жылжып, табысы еселенсе жігер, күш-қуат пайда болады.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Науырзым ауданы,

Қожа ауылы.

 

Жаңалықтармен бөлісу