Сенім артылған буын

Сенім артылған буын

Кез келген өңірдің ертеңі оның жастарына байланысты. Бүгінгі жас буын қандай ортада өсіп, қандай білім алып, бос уақытын қалай өткізсе, ертеңгі қоғам да сондай болмақ.

Сондықтан жастар саясатының бір бөлігі сапалы өмір сүру ортасын қалыптастыру, жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік беру және олардың туған жерінде қалуына жағдай жасау.

Облыста балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталған жаңа бастамалар көбейіп келеді. Солардың бірі – «Мектеп лигасы» жобасы. Бұл бастама тек жарыс ұйымдастырумен шектелмей, мектеп спортын жаңа мәдениетке айналдыруды көздейді.

«Жобаның ерекшелігі – оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттыру арқылы олардың шығармашылық және көшбасшылық қабілеттерін дамыту. Лига аясында әр мектептің өзіндік командалық стилі қалыптасып, арнайы атрибутика, талисман, гимн және жанкүйерлер топтары құрылады. Бұл мектептер арасындағы бәсекелестікті күшейтіп қана қоймай, оқушылардың өз білім ордасына деген мақтаныш сезімін арттыруға мүмкіндік береді. «Мектеп лигасы» аясындағы жарыстар кәдімгі спорттық турнирден әлдеқайда ауқымды форматта өтеді. Матчтар кезінде ұйымдастырылған қолдау топтары, би сайыстары, диджейлердің қатысуы, танымал қонақтардың келуі және демеушілер ұсынатын сыйлықтар ерекше атмосфера қалыптастырады. Мұндай орта балаларды спортқа тартып қана қоймай, олардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне ықпал етеді», – дейді «Мектеп лигасы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, «Стофарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Нұрлан Иргизбаев.

Тағы бір маңызды бағыты – медиа кеңістіктегі белсенділік. Ұйымдастырушылар оқушылар арасынан жаңа спорт жұлдыздарын шығаруды мақсат етеді. Матчтарды кәсіби комментаторлардың жүргізуі, ойындарға сараптамалық шолулардың жасалуы, үздік сәттердің әлеуметтік желілерде жариялануы және блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының тартылуы жас спортшылардың танылуына жол ашады.

«Қазіргі жастар үшін әлеуметтік желінің маңызы зор. Сондықтан «Мектеп лигасы» дәстүрлі спорттық жарыстарды заманауи медиа мүмкіндіктерімен ұштастырады. Бұл өз кезегінде оқушылардың мотивациясын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді», – деді ол.