Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде 2026 жылғы түлектерге арналған салтанатты шаралар шеруі өз жалғасын тапты.
Бұл жолы экономика және құқық факультетінің 395 бакалавры мен 93 магистранты қолдарына диплом алып, үлкен өмірге жолдама алды.
Салтанатты жиынды ашқан ҚӨУ ректоры Сейітбек Қуанышбаев бітіруші түлектер мен олардың ата-аналарын айтулы күнмен құттықтады.

«Бүгін сіздер үшін де, біздер үшін де қуанышты күн. Мінеки, осыдан төрт жыл бұрын университет табалдырығын аттап, студент атанған едіңіздер. Ал бүгін дипломдарыңызды алып, сенімімізді ақтадыңыздар. Болашақта еліміздің дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар деген үміттемін», – деді ректор өз сөзінде.
Жас мамандардың қуанышын бөлісуге мемлекеттік орган басшылары, бизнес пен банк саласының серіктестері, сондай-ақ ірі ұйымдардың өкілдері арнайы келді. Қадірлі қонақтар ақ тілектерін арнап, түлектерге тосынсыйлар мен бағалы сыйлықтар тарту етті.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жастарға арнаған лебізінде ел дамуындағы адам капиталының маңызына тоқталды. Оның айтуынша, биылғы түлектердің оқу бітіруі ел өміріндегі тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр.

«Сіздердің жоғары оқу орнын тәмамдауларыңыз еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жақын күндері өз күшіне енетін жаңа Конституциямен бірге сіздер де жаңа өмірге қадам басқалы тұрсыздар. Ертең әрқайсыңыз түрлі салада еңбек жолын бастап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосасыздар», – деді Бақытжан Хаберұлы.
Ол сонымен қатар қазіргі жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дәуірінде тек білім ғана емес, ұлттық құндылықтардың да рөлі жоғары екенін қадап айтты. Білім мен мінез ұштасуы тиіс: Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзін мысалға келтіре отырып, білімді ел игілігіне жұмсау үшін жауапкершілік пен отаншылдық керек екенін атап өтті.
«Бүгінгі таңда мемлекет дамуының негізі ретінде бекіген «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттары әрбір жастың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс», – деді ол.
Биылғы бітіруші түлектердің арасында халықаралық деңгейде білім алып шыққан ерекше жастар бар. Университетте 2021 жылдан бастап дүниежүзілік QS рейтингінде үздік 750 оқу орнының қатарына енетін Ұлы Витаутас университетімен (Каунас қ., Литва) бірлескен қос диплом бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып келеді.

Биыл бұл бағдарламаны экономика және құқық факультетінің «Есеп және аудит» мамандығы бойынша білім алған екі студенті сәтті тәмамдады. Солардың бірі – Ақансері Ещан мен Томирис Раисова. Қостанай мен Каунас қалаларында қатар оқып, еуропалық стандартқа сай білім жинаған қос студентке салтанатты жиында қазақстандық және литвалық университеттердің дипломдары қатар табыс етілді.

Осы ерекше сәтте қос диплом иегері атанған түлектердің бірі өз әсерімен бөлісіп, бұл күннің маңыздылығын атап өтті.
«Бүгін мен үшін де, менің отбасым үшін де ерекше, тарихи күн. Бір уақытта екі бірдей – өзіміздің қара шаңырақ Baitursynuly University мен еуропалық Ұлы Витаутас университетінің дипломын қатар алып отырмын! Бұл жай ғана құжат емес, бұл – Қостанай мен Каунас қалаларында өткен ұйқысыз түндердің, үлкен ізденіс пен еңбектің нәтижесі. Қос диплом бағдарламасы бізге халықаралық деңгейде тәжірибе жинап, әлемдік стандарттарды меңгеруге мүмкіндік берді. Бізге осындай үлкен қолдау көрсеткен университетімізге және ұстаздарымызға алғысым шексіз. Жаңа Қазақстанның, жаңа Конституциялық кеңістіктің дамуына осы алған білімімізбен зор үлес қосамыз деп сенемін!» — деді ағынан жарылған жас маман.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
