Қостанай қаласының №2 сотында алаяқтық, яғни екі және одан да көп адамға қатысты ірі мөлшерде жасалған бөтеннің мүлкін алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бірнеше рет ұрлағаны үшін В.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған ҚК 190-бабының 3-бөлігінің 1,3,4 тармақтары бойынша кінә тағылған болатын.
Сот барысында анықталғандай 2024 жылғы ақпаннан 2025 жылғы қаңтарға дейінгі кезеңде сотталушы В.екі және одан да көп адамды алдау және олардың сенімін теріс пайдалану жолымен туристік жолдамаларды сату бойынша қызметтер көрсеткен. Ол жеке кәсіпкер ретінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыра отырып, оларға туристік жолдамалар беру сылтауымен ірі мөлшерде ақша қаражатын ұрлаған. Жыл бойы, оның ішінде оған қатысты қылмыстық іс қозғалғаннан кейін де сотталушының қолынан 70 жәбірленуші зардап шекті. Осылайша оларға жалпы көлемі 65 млн теңгеден астам мүліктік залал келтірген.
Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы сотталушы В.-дан туризм саласында 6 жыл мерзімге қызмет көрсетуге байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұрады. Алайда сотталушы өз кінәсін мойындамаған. Жәбірленушілер қатаң жазалауды және талаптарды қанағаттандыруды талап етті.
«Жаза бойынша ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің санкциясы үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 6 жылға дейінгі мерзімге айыруды немесе онсыз жазасын көздейді», – деп хабарлады Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. Сотталушының жеке басын, жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, қылмыстық құқық бұзушылық ұзақ уақыт бойы жасалғанын және оған материалдық залал өтелмегенін негізге алып сот В.-ны туризм саласында 6 жылға қызмет көрсетуге байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырды. Сондай-ақ, орта қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен 6 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. 23.06.2025 жылғы «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы «ҚР Заңының 1-тармағының 3-бабының 4-бөлігінің негізінде сотталған В. бас бостандығынан айыру мерзімі бестен бір бөлігіне қысқартылып, 4 жыл 9 ай 18 күн бас бостандығынан айыру туралы түпкілікті шешім шығарды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сералы МЫРЗАБАЙ