Сатира мерекесі – Меңдіқарада «Мірдің оғы» республикалық байқауы өтеді

Сатира мерекесі – Меңдіқарада «Мірдің оғы» республикалық байқауы өтеді

Қазақтың біртуар сатирик-жазушысы, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметовтің рухына арналған дәстүрлі іс-шара – «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сатира театрлары байқауы биыл кең көлемде өтпек. Бұл жолғы өнер додасы 2025 жылдың 4 желтоқсан күні сағат 14:00-де  Меңдіқара ауданындағы «Юбилейный» мәдениет үйінде өтеді.

Байқау – әзіл мен сатира жанрын жаңғыртып, халыққа рухани серпіліс сыйлауды, өнерпаз жастардың шабытын шыңдауды мақсат етеді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген талантты өнер ұжымдары өнер көрсетеді. Олардың қатарында Арқалық қаласының «Абадан» театры, Қызылорда облысынан «Әзлизация» әзіл-сықақ театры, Батыс Қазақстан облысынан келген «Қожа» ұжымы, Маңғыстаулық «Боз Жыра» театры, Жангелдин ауданының «Мірдің оғы» театры, Жамбыл облысының «Талас» халық театры, Ақтөбеден келген «Түйреуіш» әзіл-сықақ театры және Денисов ауданының «Түйемойнақ» театры бар.

Әзілді кештің жүргізушісі – белгілі сахна шебері Мұрат Нағашыбай.

Сатира – қоғамның айнасы. Бұл байқау арқылы қазіргі қоғамдағы келеңсіз құбылыстарға әзіл арқылы сын айтылып, көрерменнің көңілі мен көкейіне ой салмақ. Байқау – тек күлкі емес, тәлім мен тәрбие алаңы.

«Мірдің оғы» байқауының қазылар алқасы белгілі өнер иелерінен құралады.

Сатира саңлағы Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сатира театрлары байқауы биыл да күлкі мен ойдың тоғысында өтпек. Байқаудың әділдігі мен деңгейін бағалайтын қазылар алқасы – елімізге танымал, тәжірибелі тұлғалардан жасақталған.

Қазылар алқасының құрамында:

— Нұрлыбек Жұбатқан – жазушы-сатирик, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері. «Екі езу» театрының негізін қалаушысы әрі директоры, әзіл-сықақ жанрында өзіндік қолтаңбасы бар өнер иесі.

— Асылбек Боранбай – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы ұлттық драма театрының актері. «ТТТ» театрының директоры әрі белді әртісі. Театр сахнасы мен кинодағы еңбегімен елге белгілі.

— Бауыржан Орда – «Тамаша» театрының актері, Қазақстан жастар одағы сыйлығының иегері, бірнеше сатирикалық кино мен қойылымдардың авторы әрі актері.

Бұл қазылар құрамының байқауға әділ әрі сапалы баға беретіні сөзсіз. Әр театрдың өнері – сахнадағы шеберлік пен қоғамға айтқан сатиралық сын арқылы бағаланады.

Байқау 4 желтоқсан, 2025 жылы сағат 14:00-де Қостанай облысы, Меңдіқара ауданындағы «Юбилейный» мәдениет үйінде өтеді. Көрермен үшін күлкі мен ой қатар жүретін рухани кеш болмақ.