Allur-дың жаңа жобасы: оқу-жаттығу аймағы ашылды

Allur-дың жаңа жобасы: оқу-жаттығу аймағы ашылды

Қостанайдағы Allur зауыты өнімнің сапасына жоғары мән береді. Сол себепті білікті маман даярлауды басты қағидаттары санайды. Бұған дейін де зауытта бірегей жобалар жүзеге асқан болатын. Осы жолы да еліміздің өнеркәсіптік білім беру саласындағы даму үрдісін айқындай түсті.

Айталық кәсіпорында «МСВ Бояу» деп аталатын жаңа оқу-жаттығу аймағы ашылды.
Аталмыш аймақ болашақта өз өмірлерін зауытпен байланыстырып, жұмыс істегісі келетіндер үшін арнайы жабдықталған. Яғни, болашақ мамандар нақты өндіріс жағдайларына барынша жақын болып, тәжірибелік дайындықтан өтулері үшін жасалған заманауи кеңістік алаңы.

 Жаңа оқу алаңының ашылу салтанатына зауыттың атқарушы директоры Арғұлан Майконов арнайы қатысып, алаңның әлеуетіне ерекше тоқталды.

blank

 

«Бұл аймақты іске қосу Allur зауытының кадрлық әлеуетін дамытудағы кезекті қадамы. Біз қызметкерлеріміздің заманауи, практикаға бағытталған дайындық алуы үшін жағдайларды дәйекті түрде жасап келеміз. Өйткені, кадрлар сапасы – өнім сапасының іргетасы. Бұл нысан – кәсіпорынның болашағына қосылған маңызды үлес. Мен бұл жерде саланың ең жоғары талаптарына жауап бере алатын білікті мамандар қалыптасатынына сенімдімін», – деді Арғұлан Майконов.

Жаңадан ашылған «МСВ Бояу» оқу-жаттығу аймағы төрт толыққанды жұмыс аймағынан тұрады. Мұнда автомобильдерді бояудың нақты технологиялық процестері толығымен модельденген. Осы арқылы тәжірибеден өтушілер автоөнеркәсіптің аса қажетті кәсіптерін меңгереді. Енді төрт аймаққа жеке-жеке тоқталсақ, алғашқысы бояушы-жылтыратушы. Екіншісі лакті-бояу материалдары бойынша маман. Үшіншісі мастика жағушы маман, ал соңғысы бояуға арналған робот операторы. Зауыт осы төрт жұмыс бағыты бойынша студенттерге тәжірибе жинақтап, болашақта білікті, өз істерінің маманы атануларына кең мүмкіндік жасап отыр.

blank

Бұл кәсіпті игергісі келетіндер екі аптадан үш айға дейін уақыт аралығында оқудан өтетін болады. Бағдарламаның өзіндік ерекшелігі бар. Яғни, оның сыры тәжірибелік бағытында. Мұнда мамандар негізгі және тереңдетілген дағдыларды үйреніп қана қоймай, технологиялардың іргелі түсінігін қалыптастырады. Барлық сабақтар қауіпсіздік техникасы талаптарын міндетті түрде сақтай отырып өтеді.

Бұл аймақтың ашылуы іргелі кәсіпорынның жүйелі және ауқымды жұмысының заңды жалғасындай. Жоғарыда жазғанымдай, зауыт кейінгі бірнеше жылда ауқымды жобаларды іске асырды. Солдардың бірі былтыр іске қосылған «МСВ Құрастыру» оқу-жаттығу аймағы. Сонымен қатар Қостанай автомобиль көлігі колледжі базасындағы Құзыреттілік орталық іске қосылған болатын. Кәсіпорынның стандарттары мен процестерін жетілдіруге бағытталған Сапа мектебін ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, бояу бойынша оқу-жаттығу аймағын іске қосумен қатар, дәнекерлеу цехына МКС дәнекерлеушілері мен тегістеу-түзетушілерді дайындамақ.

Бұдан бөлек, компания қазіргі уақытта ішкі логистика бойынша оқыту бағдарламасын құру және робот техникасы бойынша білім беру модульдерін кеңейту сияқты жаңа бағыттарды дамытуда.
Бұл алаңдардың барлығы Қазақстан үшін бірегей. Олар теория мен практиканы ажыратпай, бір-бірін толықтыратын жүйе қалыптастырмақ. Бұл қағидат компанияның басты мақсаты саналатын жоғары сапа мен жоғары қауіпсіздікке апаратын біртұтас жолды қалыптастыратын жаңа білім беру жүйесін адан әрі берік етпек.

«МСВ Бояу» жаңа аймағының ашылуы – «Allur»-дың жай ғана оқытып қана қоймай, бүкіл еліміздің автомобиль саласына арналған стандарттарды белгілейтін өзіндік кадрлар даярлау институтын қалыптастыру жолындағы тағы бір сенімді қадамы.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған «Allur » зауытының баспасөз қызметі