Сарыкөлдік мектеп оқушылары ерлік жасады

Сарыкөлдік мектеп оқушылары ерлік жасады

Осы жылдың мамыр айында Сарыкөл ауданындағы Ново-Урицк мектебінің жетінші сынып оқушылары ерлігімен көзге түсті.

Сабақтан кейін үйлеріне қайтып бара жатып, олар қарт адам тұратын үйдің шатырынан түтін шығып жатқанын байқайды. Матвей Набоженко мен Иван Панкратов үйге жүгіріп кіріп, ұйықтап жатқан қарт кісіні түтін басқан бөлмеден алып шыққан. Рамиль Соловей бірден өрт сөндірушілерді шақырып, Ангелина мен Нұргүл өрт сөндіру көлігін қарсы алады.

Өрт салдарынан зейнеткердің баспанасы зақымданды, бірақ ең бастысы адам өмірі сақталды. Батыр балаларға өрт сөндіру бөлімі атынан сертификат пен сауықтыру лагерлеріне жолдама табысталды.

Жеті айдан кейін журналистер жас кейіпкерлерден өмірлерінде қандай өзгерістер болғанын сұрап, сұхбат алды. Бейбіт күннің батырлары өздерінің әрекеті сыныптастарын шабыттандырғанын, ал өздері болса болашақ мамандықтары туралы көп ойланатындарын тілге тиек етті. Құтқарушылардың ата-анасы балаларымызды мақтан тұтамыз, оларды әрдайым адамгершілікке тәрбиелеп, мұқтаж адамдарға көмек беру қажет деп түсіндіріп отырамыз дейді.

«Баламның сол оқиғадан кейін көп өзгергенін байқадым, – дейді 7-сынып оқушысы Иван Панкратовтың анасы Ольга мақтанышпен. – Ол маған салмақты, байыпты, ержетіп кеткендей көрінеді. Біз бұл күнді жиі есімізге аламыз, Ваня өзінің орнында кім болса да осыны істер еді дейді, өйткені адамның өмірі – ең құнды нәрсе. Білесіз бе, менің ойымша, оның адамдарға көмектесуге деген құлшынысы күшейе түскен тәрізді. Ол әрқашан мейірімді, жанашыр бала болған, бірақ қазір мен оның бойынан басқа да жақсы қасиеттерді байқап жүрмін.
Шынымды айтсам, оның адам өмірін сақтап қалу үшін отпен күрескенін алғаш естігенде, қатты қорықтым. Оған қандай қауіп төнгенін елестетудің өзі қорқынышты. Бірақ кейін оны абыройлы, мықты етіп тәрбиелегенімді түсіндім. Ол – қашан да көмекке келетін, қиындықтан қорықпайтын, адамгершілігі мол бала. Анасы ретіде оны шын жүрегіммен мақтан тұтамын».

Сарыкөлдік жас құтқарушылардың ерлігі көпшілік үшін батылдық пен жауапкершіліктің үлгісі болды.

Жаңалықтармен бөлісу