Аудандық мәдениет үйінің VIP залында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған «Бастаңғы – береке бастауы» атты мазмұнды мәдени іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік кеш ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, жастардың өнері мен белсенділігін арттыруға бағытталды.
Іс-шара басталмас бұрын залда қазақтың халық әндері мен күйлері шырқалып, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кеш шымылдығы аудандық мәдениет үйінің «Көркем» би ұжымының әсерлі қазақ биімен ашылды. Одан кейін жүргізушілер жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтап, «Бастаңғы» дәстүрінің мән-мағынасына тоқталды.
Мерекелік кеш барысында Сарыкөл ауданының әкімі Марат Шымырбеков құттықтау сөз сөйлеп, аудан тұрғындары мен жастарына ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар, ұлттық дәстүрге сай «Шашу» шашылып, мерекенін мәні арта түсті.
Бағдарлама аясында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән шашуын ұсынып, «Әгугәй» ансамблі «Егемен елім» және халық әндерінен попурри орындады. Кештің негізгі бөлігі ұлттық ойындарға арналды. Қатысушы жастар «Тұлпар», «Сұңқар», «Қыран», «Жалын», «Толағай», «Барыс» атты алты топқа бөлініп, әртүрлі сайыстарда бақ сынады.
Атап айтқанда, «Таяқ тарту», «Бауырсақ жеу», «Жілік сындыру» секілді күш пен ептілікті қажет ететін ойындармен қатар, «Нан илеу», «Ою-өрнек кесу» сияқты ұлттық қолөнер мен тұрмыс-салтқа байланысты сайыстар ұйымдастырылды. Сонымен бірге, салт-дәстүрге қатысты сұрақ-жауап кезеңі қатысушылардың білімін саралады.
Кеш барысында «Нұр» және «Ару» топтары ән орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ, «Өнерлі жастар» бөлімі аясында еркін микрофон ұйымдастырылып, қатысушылар ән айтып, өлең оқып, өз таланттарын ортаға салды.
Мерекенің шарықтау шегі ретінде жиналған қауым «Қара жорға» биін бірге билеп, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді. Іс-шара соңында сайыс жеңімпаздары марапатталып, белсенді қатысушыларға алғыс білдірілді.
Сайыстың нәтижесі бойынша «Сұңқар» тобы 1 орынды, «Толағай» 2 орынды және «Жалын» 3 орынды жеңіп алды.


Игі іс-шара ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жастардың бойына салт-дәстүрге деген құрметті қалыптастыруға зор ықпал етті. «Бастаңғы – береке бастауы» атты кеш бірлік пен татулықтың, ұлттық рухтың жарқын көрінісіне айналды.
Руслан ӘЛКЕЕВ,
Суреттерді түсірген автор
Сарыкөл ауданы
