Сарыкөлде Қаду Сақауовты еске алу турнирінде “Соналы” командасы жеңіске жетті

Сарыкөлде Қаду Сақауовты еске алу турнирінде “Соналы” командасы жеңіске жетті

Сарыкөл ауданының Соналы негізгі мектебінде білікті директор, ұлағатты ұстаз болған Қаду Сақауовты еске алуға арналған турнирге волейболдан аудан құрамалары қатысты.Жарыс алдында Қаду Оразбекұлы жайында шағын бейнебаян тамашаланды, жиналған қауым марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Көтерме бөлшек-сауда» ЖШС-нің директоры, «АМАNAT» партиясы облыстық филиалы ҚКП төрағасы, «Қазақстанның құрметті депутаты» атағының иегері Айтжан Есенгелдинов айтулы тұлғамен бірге мектепке, ауылға жасаған жұмыстарына қысқаша тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру, спорт бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Шүленов, марқұмның жары Бөпежан Смағұлова мен ұлы Ілияс Сақауов, Тәгіл ауылдық округінің әкімі Сағынбай Сүндеталин және ел ағалары – Қаппас Бекмағамбетов пен Солдат Дүтпаевтар  жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Ұжымы мен үлгі-өнеге тұтатын шәкірттері оның еңбек сүйгіштігін, өз ісіне тиянақты да ұқыпты болғанын жарыса еске алды.

Сағынбай Қасенұлы жарыстың демеушілеріне Алғыс хаттар табыстаса, ал Солдат Малбақұлы Айтжан Тәйгенұлына Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың медалін сыйға тартты.

Қаду Оразбекұлына арналған «Көтерме бөлшек-сауда» ЖШС-нің директоры, «АМАNAT» партиясы облыстық филиалы ҚКП төрағасы, «Қазақстанның құрметті депутаты» атағының иегері Айтжан Есенгелдиновтің тікелей бастамасымен және қолдауымен ұйымдастырылған жарысқа төрт команда қатысты.

Тартысқа толы өткен турнир нәтижесінде бірінші орынды №1 Соналы командасы қанжығасына байласа, екінші орынды Ырыстомар, Тәгіл командасы мен №2 Соналы командасы үштіктен көрінді. Сондай-ақ, жақсы ойын өрнегін көрсеткен Александр Шевцов «үздік шабуылшы», Елена Космачева «үздік үйлестіруші», Сәулет Мырзабаев «үздік ойыншы» және Айбек Бектенбетов «үздік жас ойыншы» номинациясына ие болды. Жүлдегер командалар мен жарысқа қатысушылар бас демеуші есебінен кубок, медаль және мадақтама қағаздарымен марапатталды.

Айта кету керек, Қаду Оразбекұлы 1949 жылы киелі Соналыда дүниеге келген. Сол ауылдың мектебін ашуға мұрындық болып, тіпті кірпішін де қаласқан. Жалпы, 40 жылдан астам уақыт ұлағатты ұстаз, білікті басшы болған өз ортасына сыйлы азамат еді. Елім, жерім, тілім десе ішкен асын жерге қоятын еді жарықтық. Қандай қызмет атқарса да, кез келген адаммен ортақ тіл таба білетін, қай қызмет болмасын абыройлы атқарды. Ауданның мәслихат депутаты болып, қоғамдық-саяси өміріне бесенді атсалысты.

 –Әріптесіміз Қаду ағамыздың өмір жолы, рухани жан дүниесінің байлығы, адамға деген мейірімі ерекше болатын. Ол өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған адам. 40 жылдан астам мұғалімдік қызметте табысты еңбек етті. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі», тәлімгер ұстаз атанды. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, тәлімгер ұстаз атанды. Бірнеше мәрте мерекелік медальдармен және облыстық, аудандық білім бөлімдерінің мадақтамаларымен марапатталды. Сақауовтар отбасының ғана емес, күллі Соналы ауылының ақылшысы, тірегі, әріптестері мен шәкірттерінің мақтанышы болған Қаду Оразбекұлын біз мәңгілік есте сақтаймыз, –дейді мектеп директоры Балдырған Халықова.

Жалпы, оның есімін соналылықтар ғана емес, сарыкөлдіктер мен облыс жұртшылығы жақсы біледі және құрмет тұтады. Енді бұдан былай ауыл азаматының есімін ұлықтаған еске алу турнирі дәстүрлі түрде әрі кең көлемде жыл сайын өткізіліп тұрмақ.

 

Руслан ӘЛКЕЕВ

Сарыкөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу