Қасиетті білім ордасы – ең қауіпсіз, оқушылар алаңсыз жүретін орта болуы тиіс.
Шәкірттердің аман-саулығын қамтамасыз ету мақсатында еліміздің талай мектебінде кешенді шаралар, қауіптің алдын- алу жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.

Жоспарлы жұмыс министрлік, басқарма, бөлімдер мен білім ордасы басшылығының бастамасымен жүзеге асып жатыр.Игі мақсатқа жеке компаниялар да атсалысып отыр. Мәселен SAQ жобасына энергетикалық алпауыт «Шеврон» компаниясы кеңінен қолдау көрсетіп, сенімді серіктестің біріне айналды. Осылайша ірі компания әлеуметтік жауапкершіліктің өзекті екенін өзгелерге өнеге етті.

Ұлттық волонтерлік желісі «Caravan of Knowledge» корпоративтік қорымен бірлесіп, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауымен ауқымды жобаны жүзеге асырып, білім саласында қауіпсіздік қағидатын қалыптастыруға сүбелі үлес қосты.
SAQ жобасы еліміздің екі жүзге жуық мектебінде жүзеге асып, білім ордаларында оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Жаттығу барысында 4 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге шығарылып,техникалық мамандардың дайындығы шыңдалып, төселді. Тәжірибе жинады. Оқу-жаттығуға еліміздің оқу ордалары, ұстаздар қауымы, оқушылар белсене қатысты. Абай, Атырау және Қостанайдағы серіктес мектептер айрықша көзге түсті. Тобыл –Торғай өңіріндегі алапат өрт пен су тасқыны талайларға қауіпсіздіктің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Сондықтан SAQ жобасына мұғалімдер мен шәкірттер қатты қызығушылық танытты.
— Мен үшін жай ғана жоба емес, оқушыларымның және әріптестерімнің өмірлерінің кепілі. Бұл жоба маған төтенше жағдайлар кезіндегі дұрыс әрекет ету мәдениетін қалыптастырудың маңызын терең ұғындырды. Жоба барысында қауіпсіздік ережелерін оқушыларға тек теория жүзінде емес, өмірмен байланыстырып үйретудің тиімді жолдарын үйрендім. Бұл жоба менің жұмысымда қауіпсіздік мәдениетін тәрбиелеудің жүйелі және интерактивті тәсілдерін қолдануға бағыт берді, дейді №1 Заречный жалпы білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Диана Тұяқбаева.
— Біздің шәкірттер де жобаға онлайн форматта қатысып, Ұлттық волонтерлік желі жетекшілігімен оқудан өтіп, сертификаттарға ие болды. Бұл олардың қауіпсіздік мәдениетіне қызығушылығын арттырып, нақты өмірлік дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік берді. Қазіргі таңда волонтерлеріміз оқушыларға қауіпсіздік сабақтарын белсене өткізуде, сонымен қатар балаларға арналған осы тақырыпта авторлық комикстерді шығарды, дейді мектеп директорының орынбасары Ерасыл Қазыбаев.
Мектеп ұстаздары елордада өткен екі апталық курсқа қатысып, арнайы даярлықта шыңдалып , SAQ офицері атанды.Енді олар төтенше жағдай кезінде не істеу керектігін, алғашқы көмек көрсету және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жөнінде білген-түйгенін өзгелерге үйретіп жүр. 2025 жылдың 23-24 қыркүйегінде шәкірттері Қызылорда қаласында өткен Республикалық конкурсқа қатысып, Үздік әлеуметтік жобалар арасыннан жеңімпаз атанды.
Қос офицер қазір төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе отырып түрлі профилактикалық және танымдық іс-шаралар өткізіп жатыр.Білім ордасы мен «Ұлттық волонтёрлік желі» арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. SAQ жобасынан алған білім мен тәжірибені мен сабақта және сынып сағаттарында белсенді түрде қолданып жүрмін. Мысалы, “Қауіпсіз мектеп”, “Дабыл кезінде іс-қимыл”, “Жарақат алған жағдайда алғашқы көмек” сияқты тақырыптарда тренингтер, симуляциялық ойындар және практикалық сабақтар өткіземіз. Бұл тәсілдер оқушылардың жауапкершілігін арттырып, қауіпсіздік мәдениетін күнделікті өмірде де сақтауға үйретеді, дейді ұстаздар. Ақпараттық-коммуникациялық құралдарды тиімді қолдану тәсілдерін енгізіп, оқушылармен бірге төтенше жағдай кезінде әрекет етуге үйрететін бейнероликтер мен комикстер әзірлепті. Осының бәрін жоба барысында үйреніп, жоспарлы түрде жолға қойғанын айтады. SAQ офицерлері “қауіпсіздік мәдениетін” қалыптастыру жолында қажырлы еңбек етіп, жас ұрпақтың өмірі мен қауіпсіздігін ойлап, төтеден төнетін төтенше жағдайларға дайын болуға үйретіп келеді.
Сақтықта қорлық жоқ дейді дана халық.
Заңғар Санай
