Қостанайда инклюзивті спорт фестивалі өтті

Қостанайда инклюзивті спорт фестивалі өтті

Қостанайда «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында облыстық «Тең мүмкіндіктер» балалар инклюзивті спорт фестивалі ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалардың спорт арқылы әлеуметтенуіне қолдау көрсету және инклюзивті қоғам құру идеясын кеңінен насихаттау.

Аталған фестиваль биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.

blank blank blank blank blank blank

Облыстық мәслихат депутаты Аруна Жақсағұлова атап өткендей, жыл сайын қатысушылар саны артып келеді.

– Биыл облыстың бірнеше аудан-қалаларынан 100-ден астам жасөспірім жиналды. Бұл балалардың тек спорттық қана емес, әлеуметтік белсенділігінің де айғағы, – деді ол.

Салтанатты ашылу рәсіміне «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының жетекшісі Гүлсара Жаманқұлова және бірқатар қоғам белсенділері қатысты.

Олар өз сөздерінде инклюзияның маңызына тоқталып, осындай жобалар арқылы балалардың өз әлеуетін ашуға мүмкіндік алатынын атап өтті.

blank blank blank

Фестиваль аясында алғаш рет бочча спорт түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Бұл бағытта жаңа қатысушылардың бірі – Дарина Молдашова.

– Жақында ғана спорттың бочча түрімен айналыса бастадық. Бұл облыстық деңгейдегі алғашқы жарысымыз. Бұған дейін Рудный қаласында өткен сайыста екінші орын алдық. Қызымның спортқа деген қызығушылығы жоғары. Бізге өте ұнайды, – дейді Елена.

Дарина он жаста, оның диагнозы – сал ауру. Анасының айтуынша, спорт қызын тек физикалық тұрғыда емес, психологиялық және әлеуметтік жағынан да дамытып жатыр.

Фестиваль – ерекше қажеттіліктері бар балалардың қоғам өміріне толыққанды араласуына мүмкіндік беретін жарқын мысал.

Мұндай іс-шаралар балалардың өз күшіне деген сенімін арттырып, үлкен мотивация сыйлайды.

«Тең мүмкіндіктер» фестивалі – тең құқық пен өзара құрметке негізделген жарқын болашақтың кепілі.

Фестиваль барысында жас спортшылар түрлі жарыстарда бақ сынасып, бірлік пен достықты паш етті.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Айдана МАРАТ