Жерлесіміз Талғат Жиентаевтың Армения мемлекетінің Ереван қаласында өткен жарыста қола жүлдеге қол жеткізгенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.
Қостанай ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мылтықбай Жұмабайұлы спортшыларымызға шетелде көк туымызды желбіретіп келгендері үшін алғыс айтты.
“Жас спортшыларға үлгі болып, тек биікте самғай берейік. Жеңісті күндеріміз көп болсын”, – деп жылы лебізін білдірді спорт бөлімінің басшысы.
Спортшымыз Талғат Жиентаевтың самбо спортына қатысып жүргеніне 3 жыл болды. Сондай-ақ, грек-рим, еркін және қазақ күресімен де айналысады.
“2017 жылы бірінші рет ҚР жауынгерлік самбодан бірінші, ал 2020 жылы екінші орын алдым. Армениядағы чемпионатқа жалпы саны 52 спортшы қатысты. Әр елден өте тәжірибелі палуандар жиналған тартысты дода болды. Жарыста Египет және Ресей спортшыларын жеңіп шықтым”,-–дейді Талғат.
Чемпионатқа Талғат Жиентаевтың салмағында яғни, 98 келіден жоғары салмақта 10 балуан қатысқан.
Диана БАТЫРБЕК