Қонайда үш жыл бұрын 19 бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған еді. Мердігер “Ақтөбе Сәулет” ЖШС 17 үйді салуға шарт жасасқан. Олар 9 үйді пайдалануға берді, қалған көп қабатты 8 үй әлі салынып жатыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов құрылыстың баяу жүріп жатқанын сынға алды.
– Жұмысты баяу қарқынмен жалғастыра берсеңіздер, жыл соңына дейін аяқтайтындарыңызға күмәнім бар. Қажетті қаржыны аудардық. Бес қабатты бір тұрғын үйді 20 адам салып жатыр. Бұны қалай түсінуге болады. Мердігер тарапынан кезекті қорлау ғой. Алда әлі салынбаған үйлер бар. Тұрғындар әлі қанша жыл күтуі керек? – деді өңір басшысы.
Техникалық қадағалаушы компания өкілінің айтуынша, әр тұрғын үйде кем дегенде 10 адам жұмыс істеуі керек. “Ақтөбе Сәулет” ЖШС аймақтық директоры Еркін Сайдмұратов өзінің жұмыс істеу әдісін түсіндірмек болды.
– Дәл қазіргі сәтте 20 адам істейді. Жұмысты жүйелендіру үшін бір үйді толық аяқтаған соң, келесі үйге көшеміз. Осылайша жыл соңына дейін кезең-кезеңмен аяқтаймыз, – деді серіктестік директоры.Құмар Ақсақалов техникалық бақылау өкілдеріне іске атүсті қарамай, құрылыстың сапалы атқарылуын қадағалауды тапсырды.
– Қалай бар, солай қабылдау деген болмайды. Сол жағын жіті назарға алыңыздар. Ең бастысы сапалы орындалуы шарт. Егер сапасыз жалғаса беретін болса, бұл мердігер ұйыммен келісім-шартты бұзамыз. Айыппұл санкациясын салып, жауапкершілікті сезіндіру керек, – деді Қ.Ақсақалов.
Қалған екі үйдің құрылысын “ЭРА Сервис” ЖШС аяқтайтын болады. Аймақ басшысы мердігер ұйымға да қадағалау қатаң болатынын жеткізді. “Әуежай” шағын ауданында құрылыс жұмысы тұралап қалған 9 қабатты үш үйдің жұмысы қайта жанданды. Мердігер ұйым “Нуркапстройгаз” ЖШС-мен шарт жасалған. Тұрғын үйлер осы жылдың қазан айында тапсырылады.
– Атырау қаласынан келдік. Жалпы, Қазақстан бойынша 14 нысан салып жатырмыз. Бұл шағын аудандағы үйлердің құрылыс-монтаждау жұмыстары атқарылуда. Нысанда 92 адам жұмыс істейді, – деді «Нуркапстройгаз» ЖШС аймақтық директоры Уайыс Бақтияров.
Құмар Ақсақалов салынған тұрғын үйлердің ауласына да аса мән беру керегін айтты.
– Балалар ойын алаңы, футбол, тағы басқа спорт түрлеріне арналған алаңдар болуы шарт. Егер жобалық-құндық құжатқа кіргізбеген болсаңыздар, осы қазірден бастап түзету еңгізіңіздер, – деді облыс әкімі.
Тұрғын үй құрылысымен айналысып жатқан компаниялардың дені өзге облыстан келгендер. Құмар Ақсақалов жергілікті кәсіпкерлердің өкілдерін қала құрылысына атсалысуға шақырды.
– Жергілікті кәсіпкерлердің үй құрылысына қатысуы, сол арқылы жұмыс орындарын құруы және облыс бюджетіне түсетін салық түсімдерін ұлғайтуы қажет, – деді Қ. Ақсақалов.
Айта кетейік, қазір Қостанай қаласының мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй кезегінде 13 832 азамат тұр. Оның 519 көпбалалы, 2 241-і жетім балалар. Халықтың әлеуметтік осал топтарының саны 5 334 адам.
Тұрғын үймен қатар әлеуметтік нысандар құрылысы жүргізіледі. “Қонай” шағын ауданында 900 оқушыға арналған мектеп тамыз айында аяқталады. Ал, “Әуежайда” 280 орындық балабақша құрылысы басталды.
Сералы МЫРЗАБАЙ.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.