Қостанайда жетпіс мыңнан астам бұта отырғызылды

Қостанайда жетпіс мыңнан астам бұта отырғызылды

Қостанай қаласында көктем басталғалы бері 1 607 қарағай көшеті, 255 терек, жетпіс мыңнан астам бұта отырғызылды. Келесі аптадан бастап жаз басталады. Күн ысып, ауа температурасы жоғарылайды деген болжам бар. Жас көшеттер аптап ыстықта қурап қалмауы үшін уақытында суарып отыру қажет. Қала әкімі Марат Жүндібаев аппарат жиналысында осылай деді.

Биыл қаланы көгалдандыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын еске саламыз. Соның ішінде, болашақта өтетін ынтымақтастық форумы аясында республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Шаһар басшысы М.Жүндібаев мұндай мүмкіндікті босқа жіберіп алмау қажеттігін ескертті.

– Форум аясында қаланы абаттандыруға зор мүмкіндік туып отыр. Іс-шараға қатысушы меймандар қаламызға бір-екі күнге ғана келеді. Ал дайындық іс-шараларының нәтижесі, атқарылған іс осы жерде қалады. Сондықтан, біз біреу үшін емес, өзіміз үшін абаттандыру жұмыстарын сапалы атқаруымыз керек. Көшет отырғызылды. Ендігі мәселе – күтіп баптау, суару. Әр ағашқа балаға күтім жасағандай қарау керек. Бір ағаш қурап қалса төтенше жағдай ретінде қабылдаған жөн. Өйткені, бюджеттен өте мол қаржы бөлінді. Қаражат далаға ұшпауы тиіс, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

 Қымбат ДОСЖАНОВА.

 

Жаңалықтармен бөлісу