Рудныйдың батыс айналма жолы жаңартылды

Рудныйдың батыс айналма жолы жаңартылды

Қостанай облысында республикалық маңызы бар KZ10-04 «Рудный қаласының батыс айналма жолы» автомобиль жолының 0-6,9 шақырым аралығындағы учаскесіне жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жөнделген жолдың жалпы ұзындығы – 6,225 шақырым. Жұмыстарды «ВАН» ЖШС мердігер ұйымы атқарды.

18 қыркүйекте аталған жол учаскесін пайдалануға беру шарасы өтті. Қабылдау комиссиясының құрамында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қостанай облыстық филиалының, жергілікті атқарушы органдардың, «ҚАЖ сервис» ЖШС Қостанай облыстық филиалының, Сапа орталығының, «Tender Consulting Company» ЖШС техникалық қадағалау қызметінің және мердігер ұйымның өкілдері болды.

Аталған жол учаскесі Рудный қаласының аумағы арқылы өтеді. Ол қаланы айналып өтетін маңызды көлік дәлізі ретінде батыс бағыттағы транзиттік және жергілікті көлік қозғалысын қамтамасыз етеді.blankБұл учаскеде соңғы рет жөндеу жұмыстары 1980 жылы жүргізілген. Ал жолдың өзі 1960 жылы салынған. Содан бері жекелеген шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілгенімен, жол жабыны айтарлықтай тозып, қанағаттанарлықсыз жағдайға түскен. Кей жерлерде асфальт-бетон жабыны бұзылып, шұңқырлар, жарықтар мен ойықтар пайда болған. Сонымен қатар жолдың кейбір бөліктерінде асфальт-бетон жабынының болмауы және көлік доңғалағынан пайда болған ойықтар байқалған.blank

Орташа жөндеу аясында бірқатар кешенді жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, қолданыстағы асфальт-бетон жабыны фрезерленіп, жаңа материал қосу арқылы ресайклинг жұмыстары жүргізілді. Жолдың төменгі қабатына қалыңдығы 6 сантиметр, ал жоғарғы қабатына 5 сантиметр болатын асфальт-бетон төселді. Сондай-ақ жол жиектері нығайтылып, ұзындығы 6,2 шақырым болатын жол таңбалары жаңартылды. Бұдан бөлек, 110 дана жаңа жол белгісі мен 54 дана сигналдық бағана орнатылды. Жалпы, жоба құны – 971 млн теңге.

«Орташа жөндеу аясында жолдың негізі дайындалып, екі шақырым учаскеде жаңа материал қосу арқылы ресайклинг жүргізілді. Төрт шақырым жолда фрезерлеу жұмыстары атқарылып, асфальт-бетон жабынының екі қабаты төселді. Сонымен қатар жол таңбалары түсіріліп, жол жиектері нығайтылды. Жұмыстар белгіленген кестеден бұрын аяқталды. Қолданылған барлық материал Жол активтерінің сапа орталығының зертханасында және мердігер ұйымның зертханасында сынақтан өткізілді. Бүгінде нысандағы барлық жұмыс толық аяқталды», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қостанай облыстық филиалы директорының орынбасары Асхат Сағымбаев.blank

blankЖөндеу жұмыстарын жүргізу үшін нысанға 16 жол-құрылыс техникасы, 27 маман жұмылдырылған.  Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жолдың пайдалану сипаттамалары қалпына келтіріліп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі артты. Сонымен қатар өңірлер арасындағы үздіксіз көлік қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Жол жөндеу жұмыстары бекітілген өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес белгіленген мерзімде толық орындалды.

«Бұл жолдың жағдайы өте күрделі еді. Соның салдарынан жүк көліктері кейбір учаскелерде қалаға кіріп, жергілікті тұрғындарға қолайсыздық туғызатын. Жол жабынын қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде бүгінде барлық жүк көлігі Рудный қаласын айналып өтетін жолмен қатынай алады», – деді Дархан Иманашев.

blankОның айтуынша, Мемлекет басшысының орташа жөндеу бағдарламасының арқасында транзиттік өңір саналатын Қостанай облысындағы негізгі бағыттардың басым бөлігі қалпына келтірілді.

blank

Қостанай облысы транзиттік әрі шекара маңындағы өңір болғандықтан, ерекше бақылауда тұр. Сондықтан жол инфрақұрылымын дамыту, жол жабынын жаңарту және автомобиль өткізу пункттерін жетілдіру бағытындағы барлық қажетті шаралар осы өңірге басымдықпен бағытталып отыр.