Биыл «Сұлтан» спорт клубының жұмысында да өзгеріс болды. Бұған дейін клубтың негізгі жаттығу базасы Асылхан Бұсырманов негізін қалаған спорт залында орналасқан еді. Алайда тамыз айының соңында зал иелері нысанды басқа азаматтарға жалға беру туралы шешім қабылдаған.

Осыған байланысты клуб жаттығу жұмыстарын Қостанай қаласындағы Қасымханов көшесі, 10/2 мекенжайындағы спорт залында жалғастырмақ.
«Бұл өзгеріс спортшылардың дайындығына кедергі болған жоқ. Клубтың бапкерлері өз шәкірттерімен бірге басқа жаттығу залдарына орналасып, жаңа оқу жылындағы дайындықтарын бастап кетті. Бұрыннан жаттығып жүрген балалар да өз бапкерлерімен бірге жаттығуларын жалғастыруда. Алдағы уақытта қостанайлық кикбоксшыларды талай бәсекелі дода күтіп тұр. Жас спортшылар облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда тәжірибе жинап, шеберліктерін арттыра бермек», – дейді «Сұлтан» спорт клубы қоғамдық бірлестігінің басшысы Дамир Қалқаев.

Оның айтуынша, кикбоксингтің Қостанай өңіріндегі қалыптасқан өзіндік тарихы бар.

Осы спорттың дамуына кезінде белгілі бапкер Асылхан Бұсырманов елеулі үлес қосқан. Бүгінде оның әріптестері мен шәкірттері бастаған істі жалғастырып, жас буынға жол көрсетіп келеді.
«Бүгінде қаланың әр түкпірінде кикбоксинг үйірмелеріне қабылдау жүріп жатыр. Басты мақсатымыз – жастарды спортқа тартып, оларды салауатты өмір салтына бейімдеу. Кикбоксинг – тәртіпті, табандылықты және жауапкершілікті талап ететін спорт түрі», – дейді Дамир Қалқаев.
Қостанайлық спортшылардың жетістігі де аз емес. Қазіргі уақытта өңірдің бес жас спортшысы Италияда өтіп жатқан әлем чемпионатында ел намысын қорғап жатыр. Олардың қатарында шәкірттерімен бірге жарысқа барған бапкерлер Артур Харитонов пен Азамат Сманбаев та бар.
Спорт мамандары қостанайлық жас спортшылардан жақсы нәтиже күтеді. Соңғы бес жылда өңір өкілдері республикалық және халықаралық додаларда тұрақты түрде өнер көрсетіп, өз шеберліктерін шыңдап келеді.
Осылайша, жаңа оқу жылының басталуымен Қостанай қаласы мен облысында кикбоксинг үйірмелеріне қабылдау қайта жанданды. Спорт мамандарының айтуынша, бұл бағыт жастарды спортқа баулып қана қоймай, тәртіпке, төзімділікке және салауатты өмір салтына тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Қостанайда кикбоксингпен айналысуға мүмкіндік беретін бірнеше спорт үйірмесі жұмыс істейді. Олардың қатарында қалалық спорт мектебіндегі кикбоксинг бөлімі де бар. Ал облыстың өзге қалаларында да жас спортшыларға арналған клубтар өз жұмысын жалғастырып келеді. Мәселен, Рудный қаласында «Сарбаз» спорт клубы жасөспірімдерді жаттықтырып, жарыстарға дайындауда.
Қостанайдағы кикбоксинг мектебінің басты мақсаты – чемпиондар тәрбиелеумен қатар, спорт арқылы саналы, тәртіпті әрі салауатты ұрпақ қалыптастыру.
