Олардың қатарында “Жайлы мектеп” жобасы аясында іргетасы қаланған 900 орындық мектеп, оның аумағындағы кірме жолдар, екі бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешені, жылу, электр, құбыр желілері бар.
Қалалық Құрылыс бөлімінің басшысы Дәурен Жәкенов осы және басқа да нысандар туралы толық ақпарат берді.
“Мәселен, “Самұрық-Қазына”АҚ тапсырысымен салынып жатқан соңғы үлгідегі мектеп 1 тамызда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Дей тұрғанмен жұмыстар кестеден сәл кешеуілдеп келеді. Сондай-ақ 11-ші шағын ауданның инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымы да биылғы наурыз айында даяр болуы керек-тін. Орындау мерзімін бұзған мердігердің үстінен шағым түсірілді. Бұл жұмысты басқа ұйым қайта жандандыра түседі”, – дейді бөлім басшысы.
Бұдан бөлек, Автовокзал ауданында 1200 орындық жалпы білім беретін мектеп құрылысы басталмақ. Бұған 5 млрд теңге жұмсалады делініп отыр. Қаладағы 39-кварталда көп қабатты, 60 пәтерлі төрт үйдің құрылысы да екінші мердігердің қолына өтіп, өарқынды жүріп жатыр. Мұның сыртында, 19-шы шағын ауданда бой көтергелі отырған көп қабатты үйлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салынады. Жоба құны – 22, 560 млн теңге. Қаладағы Строительный көшесіндегі 52-үй және Горняк көшелеріндегі 20 және 26-үйлерге, сонымен қатар Железорудный станциясындағы 109 үйге газ тарту жобасы да қала бюджетінің мақұлдауынан өткен. Рудныйда және Қашар кентінде жерасты суын тарту жүйесін салу да жоспарланып отыр. Аталған нысандарға қала әкімі де жекелей тоқталып, ақпараттарды толықтыра өтті.
“11-ші шағын аудандағы барлық құрылыс нысанына инженерлік коммуникация тартылады. 1 қыркүйектен кешікпей, бұлардың бәрі іске қосылуға тиіс. Бұған ешқандай кедергі, қолбайлау жоқ екенін көріп отырмыз. Ал 900 орындық мектепті жаңа оқу жылына дейін үлгерту жөнінен мердігерге ескерту жасап, екі ауысыммен жұмыс істеуді міндеттедік. Өйткені мерзімнен кешігіп келеді. Сондай-ақ екі ДСК де пайдалануға берілуі қажет. Бұл нысандарды салып жатқан мердігерлердің тәжірибесіне сенім артамыз”, – дейді қала әкімі В.Ионенко.
Мұның сыртында, иесіз, ашық-шашық жатқан ескі тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмысында да ілгерілеушілік бар. Бұған республика қазынасынан бастапқы 2,4 млрд теңге де қарастырылып қойылған. 40-50 жыл бұрын иелері тастап кеткен, басқа да факторлардың әсерінен меншік иесі беймәлім болып отырған ғимараттарды балансқа аудару мәселелері сот қарауына жатыр.
Суреттерді түсірген – Бағдат Ахметбеков