Рудныйда судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Рудныйда судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Жазғы демалыс маусымында су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі ерекше назарда. Биылғы шомылу маусымы 1 маусымда басталып, 31 тамызда аяқталады.

Осы кезеңде Рудный қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы жергілікті полиция қызметімен және еріктілермен бірлесіп, су айдындарына іргелес аумақтарда тұрақты түрде рейдтік алдын алу іс-шараларын жүргізіп келеді.

Рудный қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, биыл су айдындарындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялардың барлық деңгейдегі отырыстарында, сондай-ақ Департаменттің аппараттық және жұмыс кеңестерінде қаралды. Осы талқылаулардың қорытындысы бойынша су айдындарында адамдардың қаза болуының алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар әзірленді.

«Алдын алу жұмыстары аясында қала аумағында судағы қауіпсіздікке арналған 1 билборд орнатылуда. Сонымен қатар суға түсуге тыйым салынған орындарға 20 арнайы ескерту белгісі қойылды. Бірлескен рейдтер барысында 247 азаматпен судағы қауіпсіздік қағидалары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін 19 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – дейді Рудный қаласының ТЖБ аға инженері аға лейтенант Мұхтархан Сапарғали.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әлеуметтік желілер арқылы да белсенді жүргізілуде. Ресми парақшаларда судағы қауіпсіздікке қатысты 6 ақпараттық жарияланым орналастырылып, үш профилактикалық бейнеролик жарияланған. Сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында бір тікелей эфир өткізілген.

«Түсіндіру жұмыстарына мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес және волонтерлік ұйымдар да тартылды. Олардың қатарында Жастар ресурстық орталығы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілдері бар. Қала тұрғындары мен қонақтарына судағы тәртіп ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертіледі. Атап айтқанда, тыйым салынған жерлерде шомылуға болмайды, бейтаныс жерде сүңгуге болмайды, мас күйінде суға түсуге болмайды, қоршау белгілерінің артына жүзуге болмайды, шомылу кезінде балаларды қараусыз қалдырмау қажет, көпірлерден, бөгеттерден, айлақтардан, қайықтар мен катерлерден суға секіруге болмайды, жалған дабыл белгілерін беруге болмайды», – дейді Мұхтархан Сапарғали.

Рудный қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы су айдындарындағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты бақылауда екенін жеткізді. Бірлескен рейдтер, профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру шаралары шомылу маусымы аяқталғанға дейін үздіксіз жалғасатын болады.

Маманның айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау – судағы қайғылы жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы. Сондықтан әрбір тұрғын мен қала қонағы өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, белгіленген тәртіпті сақтауы тиіс.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті ұсынған – Рудный қаласының ТЖБ