Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Жаңа Конституция: болашаққа көзқарас» тақырыбында ауқымды дөңгелек үстел өтті. Жиынға қатысқан оқытушылар, заңгер-ғалымдар мен университет қызметкерлері алдағы конституциялық өзгерістердің маңызы мен ел дамуының жаңа перспективаларын саралады.
Еске сала кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі жаңа кезеңді айқындайтын жаңартылған Конституция күшіне енді. Осы маңызды оқиға қарсаңында ұйымдастырылған басқосуда қатысушылар Ата Заңның ел болашағына әкелетін мүмкіндіктері туралы ой бөлісті.
Іс-шара барысында мемлекеттік құқық саласының білікті мамандары мазмұнды баяндама жасап, реформаның құқықтық негіздеріне тоқталды. Саяси реформалардың бағыт-бағдары мен заңнамалық өзгерістерді түсіндіруде келесі спикерлер негізгі мәселелерді көтерді. ҚӨУ-дің Мемлекет және құқық теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сымбат Укин, Мемлекет және құқық теориясы кафедрасының аға оқытушысы Индира Талтанова, Қылмыстық және азаматтық құқық пен процесс кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Майсатаева баяндама жасады.
Оқытушылардың айтуынша, бұл құжатты шын мәнінде жалпыхалықтық деп атауға толық негіз бар. Себебі заң жобасын әзірлеу және талқылау үдерісіне қатардағы қазақстандықтар мен азаматтық қоғам өкілдері белсенді түрде қатысып, өз ұсыныстарын енгізген.
«Жаңа Конституция – бұл тек заңгерлердің құжаты емес, бұл қоғам мен мемлекет арасындағы жаңа әлеуметтік келісім. Онда азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге және билік тармақтарының тепе-теңдігін оңтайландыруға басымдық берілген. Жиынның басты мақсаты да – осы өзгерістердің мән-мағынасын өңір жұртшылығы мен жастарға жан-жақты түсіндіру», — деп атап өтті жиынға қатысушылар.
Дөңгелек үстелге қатысушылар 1 шілдеден бастап күшіне енетін түзетулердің мемлекеттік басқару жүйесін трансформациялауға ықпал ететінін алға тартты. Сарапшылардың пікірінше, конституциялық реформа: Азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігін арттыруға, сот және құқық қорғау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге, елдегі саяси бәсекелестік пен демократиялық институттарды нығайтуға жол ашады.
Жиын соңында қатысушылар жаңа реформаларды өңір деңгейінде насихаттау және студент жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастыру жөнінде ұсыныстар қабылдады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
