Рудный қаласында Республика күніне арналған “Тұғыры биік Қазақстан!” атты салтанатты іс-шара өтті. Айтулы мереке қарсаңында қарапайым қызметте қажырлы еңбек етіп жүрген бірнеше маман марапатқа ие болды.
Салтанатты жиын оқушылардың сахналық қойылымынан басталды. Жастар “Сарын” аспаптық ансамблінің сүйемелдеуімем Алаш қайраткерлерінің кейпіне еніп, өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Қойылымнан кейін Рудный қаласы әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Көкішев жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, сөз сөйледі.
– Мемлекет басшысы бұл күн еліміздің мемлекеттілікке деген батыл қадамының символы болуға тиіс деген еді. Республика күні ел тарихының жаңа дәуірінің басталуын білдіреді. Біз Отанымыздың ғасырлар бойғы тарихымен, бірегей мәдени және рухани дәстүрімен, батырлар мен дарынды ақындардың есімімен мақтанамыз. Рудный қаласы Қостанай облысының өнеркәсібі дамыған өңірлерінің бірі. Қала экономикасының 85 пайызын өндірістік өнеркәсіп орындары құрайды. Кәсіпорындарда тұрғындардың 25 пайызы қызмет етеді. Қала тұрғындары бейбітшілік пен келісімді сақтай отырып, әртүрлі салада жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Баршаңызды еліміздің ұлттық мерекесі Республика күнімен құттықтаймын. Егемендігімізді ту етіп, әлемдік сахнада дербес ел ретінде танылған тарихи күнді атап өтуде үлкен қуаныш, – деді Сәкен Көкішев.
Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасымен үш адам марапатталды. Солардың бірі “Рахат-2018” серіктестігінің өндірістік мәселелер жөніндегі директоры Сергей Бейферт. Бұл мекеме кеншілер қаласында коммуналдық қызмет көрсетумен айналысады. Алдағы қыста қаланы қардан тазалау жұмысымен де шұғылданады. Айтуынша, оған сақадай сай.
– Мекеме абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына да жауапты. Қаламыздың таза болып, көрейіп тұруына бар күшімізді салып жүрміз. Жыл сайын кәсіпорынды жаңғыртып, кем дегенде 5-8 жаңа техника сатып алуға тырысамыз. Қазірдің өзінде бізде 30-дан астам көлік бар. Кәсіпорын жанданып келеді, соның арқасында жаңа жұмыс орындары да көптеп ашылып жатыр. Жалпы қалада атқарылған жұмыс аз емес. Оның бәрі рудныйлықтардың ауызбіршілігі мен еңбексүйгіштігінің жемісі, – дейді Сергей Бейферт.
Қыдырбек Құрбановтың Өзбекстаннан тарихи отанына қоныс аударғанына жиырма жылға жуықтады. Кеншілер қаласына келіп тұрақтап, 2008 жыл “Рудный жылу желілері” ЖШС жұмысқа орналасқан. Серіктестікте жабдықтарды жөндеу және жылу желілілеріне қызмет көрсету жөніндегі слесарь болып жұмыс істейді.
– Соңғы 14 жылда кезекші слесарь қызметін атқарып келемін. Біздің жұмыс оңай емес. Алда қыс мезгілі келе жатыр. Қандайда бір жылу желілеріне апат орын ала қалса барып дереу жөндеуге кірісеміз. Магистарльді құбырларды жөндеп үлкен ауқымда жұмыс атқарылды. Екі ұлым өндіріс орындарында жұмыс істейді. Екі немерем өсіп-өніп келеді. Шүкір деу керек. Халыққа қызмет ету басты міндетіміз. Елдің алғысына бөленуден асқан құрмет жоқ деп есептеймін, – дейді марапат иесі Қыдырбек Құрбанов.
Медицина мамандарының да еңбегі ескерусіз қалмады. Рудный қалалық емханасының профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің аға медибикесі Назира Мирашимованың бұл қызмет жолындағы алғашқы марапаты.
– Ел алғаш Рудный қалалық ауруханасына 2004 жылы қызметке тұрдым. Мен жұмыс істейтін бөлімді 2014 жылы қалалық емханаға қосты. Жұмысым қоғамның әлеуметтік осал топтарымен байланысты. Адамдарда пайда болған аурулардың алдын аламыз. Мүгедектерге психологиялық тұрғыдан көмек береміз, кәсіби тексеруден өткіземіз, – дейді Назира Мирашимова.
“Горняк” мәдениет үйіне жиналғандар марапаттау аяқталған соң мерекелік концертті тамашалады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ