25 мая, 2025
Рудныйда абаттандыру жұмысы қарқын алды

Рудныйда абаттандыру жұмысы қарқын алды

Рудныйда «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы аясында қаланың шыға беріс бетіне 500 түп ағаш отырғызылмақ. Жұмыс әлі жалғасып жатыр. Ал қала орталығындағы «Достық» саябағына жүзге тарта көшет егілді.
Қала әкімі Виктор Ионенко бастаған әкімдік қызметкерлері мен коммуналдық кәсіпорындардың басшылары «Достық» саябағына 70-ке жуық қайың мен алма ағаштарын екті. Шаһар басшысы көгалдандыру жұмыстарының тек акциялармен шектелмей, тұрақты түрде жүргізілуі қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, отырғызылған көшеттерге тиісті күтім жасалуы маңызды.

Биылғы жылы ағаштар мен бұталарды суаруға бюджеттен 170 млн теңге бөлінген.
Әкімнің сөзінше, биыл қала бюджеті есебінен 900 ағаш және 2500 бұта (ұсақжапырақты қарағаш, арония, мамыргүл) отырғызылады.

 

Жергілікті кәсіпкер Сергей Орлов 2000 ағаш көшетін (қайың, қарағай, қарағаш) сатып алып, олардың бір бөлігін пәтер иелерінің тұтыну кооперативі мен білім беру мекемелеріне таратып берген.
Ғабдулла қажы Ахметжанов қалаға 600 көшет сыйлаған. Олардың бірқатары мешіт ауданына отырғызылды. «ССКӨБ» АҚ қала аумағында 15100 ағаш көшетін отырғызып, өндірістік аймақтарды көгалдандыруға үлес қосуда.

Қала әкімі «ССКӨБ» АҚ-ның көгалдандыру жұмыстарына жыл сайын үлкен үлес қосып келе жатқанын, кәсіпорынның экологиялық нормаларды сақтауға міндетті екенін атап өтті.
Биылғы жылы қала бюджеті есебінен көгалдандыру жұмыстарында көшеттердің санына емес, сапасына басымдық беріліп, суару жұмыстарына ерекше көңіл бөлінбек.

Бірақ барлық жерге жасыл желек егілмейді. Себебі, кей жерлерде коммуникация желілерінің өтетінін орындары бар. Жол жиегіне де бұталар егілмейді, себебі, аласа өсімдіктер жол қозғалысына кедергі жасап, көру аймағын шектейді. Дегенмен, қала бойынша көгалдандыру үшін 15 орын белгіленген. Қурап қалған ағаштардың орнына жаңа көшеттер егілетін болады.

«Көктемнің келуімен қалада көгалдандыру жұмыстары басталды. Осы жылы жоспарда 20 мыңнан астам ағаш және бұта көшеттерін отырғызу жоспарланған. Жұмыс шағын аудандардың ландшафттық ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, жасыл желектерді қалпына келтіруді қажет ететін жерлерде ұйымдастырылатын болады. Барлық жұмыстар қаланың мамандандырылған ұйымдары мен коммуналдық қызметтерін тарта отырып жүргізіледі», – деді қала әкімі Виктор Ионенко.

Облыс әкімі де Рудныйға жасаған жұмыс сапары барысында, абаттандыру жұмысарына ерекше көңіл бөлінуі қажет екенін жеткізген еді.

Ол бос аумақтар мен шағын аудандарда саябақтар салынуы керек деген болатын. Осыны ескерген жергілікті билік қалалық мешіт аумағын абаттандыруды қолға алыпты.

Жоба аясында толыққанды демалыс аймағы құрылып, субұрқақ орнатылып, ағаштар мен жасыл желек отырғызу қарастырылып отыр.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК