11 июня, 2025
Рудный қаласының даму бағыты қандай болмақ?

Рудный қаласының даму бағыты қандай болмақ?

Кеншілер қаласынында алдағы үш жылда 612,2 млрд теңгеге 26 инвестициялық жоба іске асады. Осының арқасында 1500-нан астан жаңа жұмыс орны құрылады. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңесте Рудный қаласының даму қарқыны жан-жақты талқыланды.

Алдымен Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко баяндама жасап, өңдеу саласын дамытуға баса назар аудара отырып, өнеркәсіптің жаңа салаларын дамыту мәселесіне назар аудару қажет екенін жеткізді.

«Жобалардың ішінде 15-і өнеркәсіп саласында болса, сауда және қызмет көрсету саласында он жоба бар. Ал ауыл шаруашылығы саласында бір жоба жүзеге асқалы тұр. Бұл жобаларды іске асыру арқылы қалалық бюджетке түсетін түсімдерді жылына 5 млрд теңгеден астам ұлғайтамыз», – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.

Кеншілер қаласындағы «ССКӨБ» АҚ Бас директоры Сергей Кузьменко алдағы атқарылар жоспармен де бөлісті.

Оның сөзінше, жуық жылдары қолда бар жабдықтарды жаңғырту, «Қашар» кентіндегі өндіру көлемін ұлғайту, ыстық брикеттелген темір зауытының құрылысы сынды жұмыстар жүзеге аспақ.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пайдалы қазбаларды өндірумен ғана емес, сонымен қатар өндіретін нәрсені сапалы өңдеумен де айналысу керектігін атап өтті.

 «Қаланың даму перспективасы ірі жобаның одан әрі құрылысымен байланысты – бұл, көпшілік білетіндей, ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт. Жобаның жалпы құны шамамен 920 млрд теңге, қуаты 4 млн тонна. Екі кезеңде жоба іске асырылатын болады. Айта кету керек, бұл жобадағы ең қиын кезеңдердің бірі –технологияларды таңдау процесі. Әрине, қала тұрғындары жаңа өндірістердің ашылуы туралы естігенде экологиялық ахуалға алаңдайды. Қалдықтар барынша азайтылады. Іс жүзінде бір жыл ішінде мамандар тобы бұл мәселені зерттеді және midrex технологиясы таңдалды. Оны пайдалану дәстүрлі домендік өндіріс технологиясымен салыстырғанда көмірқышқыл газының шығарындыларын 40%-ға азайтуға мүмкіндік береді», – деді өңір басшысы.

Кәсіпорынның қаланың әлеуметтік-экономикалық саласын да елеулі әсері бар. Яғни, мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылып, салық түсімдері артады.

Нақтырақ айтар болсақ, жобаның алғашқы кезеңі іске асырылса, бюджетке қосымша 32 млрд теңге салық түспек. Ал екі кезеңде сәтті жүзеге асар болса, түсім екі еселенбек.

«ССКӨБ» АҚ Бас директоры Сергей Кузьменко сөз баяндамасында, өткен жыл кәсіпорын үшін қиын болғанын атап өтті. Екі тұтынушы санкцияға ұшырап, сұраныс төмендеген. Десе де, өндірісті 26 млн тонна деңгейінде, ал концентрат пен түйіршіктерді 10 млн тонна деңгейінде өткізген.

«Біріншісі – қауіпсіздік мәселесі. Өткен жылы бұл тұрғыда қайғылы жағдайлар болды, төрт адам қайтыс болды. Енді осы жылы барлық ERG кәсіпорындарында қауіпсіздік жылы болып жарияланды. Адам шығы болмайды деген сенімдемін. Екінші міндет – шығындарды азайту. Бұл өзіндік құн, өнімділіктің артуы. Бізде бар жабдықты тиімдірек пайдалану. Бұл біздің нарық бүгінде шектеулі болған кезде, бізді ұстап тұруға мүмкіндік береді. Қандай жағдай болмасын, 2025 жылы өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Өндіру көлемін 28 млн тоннаға дейін, дайын өнімді сатуды 12 млн тоннаға дейін жеткізсек дейміз. Негізгі өткізу нарықтары Қытай, Ресей Федерациясы және Қазақстан бойынша ішкі нарық», – деді «ССКӨБ» АҚ Бас директоры Сергей Кузьменко.

Стратегиялық даму тұрғысынан кәсіпорынның 2025 жылға арналған инвестициялық жобалары шамамен 50 млрд теңгеге келісіліп, бекітілген. Ол қаржы жабдықтарды күтіп ұстауға, тиісінше дамумен айналысуға жұмсалмақ.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов кеңесте жаңа өндіріс үшін білікті мамандар дарялау ісі де маңызды мәселе екенін жеткізді.

 

 «Жаңа технологиялар жаңа мамандықтар құруды талап етеді. Рудный индустриалды университеті осы зауыт үшін кадрларды озық даярлау бойынша жұмыс жүргізіп жатқаны өте маңызды. Жаңа білім беру бағдарламалары әзірленуде, бұл жұмысты колледж деңгейінде де жалғастыру қажет», – деді өңір басшысы.

Сергей Кузьменко бүгін «ССКӨБ» оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста екенін айтты. Университет пен колледжде ERG құзыреттілік орталығы ашылғанын атап өтті.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ