Рудный қаласында даңқ алеясы ашылды

Рудный қаласында даңқ алеясы ашылды

Кеншілер қаласының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар аз емес. Олар бар күш-жігерін ғана емес, бар ғұмырын осы қаланың өркендеуіне арнады. Ондай азаматтарды қалай дәріптесе де жарасымды. Биыл Соколов-Сарыбай кен байыту бірлестігінің құрылғанына 70 жыл, сондай-ақ Рудный қаласының да туған күні. Осы мерекеге орай орталық саябақтағы Даңқ аллеясы жаңартылып, салтанатты тұсаукесері өтті.

Саябаққа ардагерлер жиналып, бірін-бірі көріп қуаныса құшақтасып, көрісіп жатты. Олардың қай-қайсысы болса да қаланың дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғалар. Көпжылғы табанды еңбектерінің арқасында артында із қалдырды. Даңқ аллеясына 16 азаматтың суреті ілініп, барлық еңбек жолы, атқарған қызметтері жазылған. Алееядағы есімдер жыл сайын жаңартылып тұрады.

 – Бұрындары Ленин көшесінде ардагерлер туралы баннерлер болатын. Кейін өзім осы салаға келген соң ардагерлер ұсыныс айта бастады. «Осындай аллея болса, мұндай азаматтардың есімін ел білуі керек» деген соң, міне, бес жылдың көлемі болды саябақтың ішінде қаланың іргетасын көтерген ардагерлердің есімі жазылған тақталар қойлады. Олар бір жыл тұрып, бір жылдан соң орнын басқа адамдар басады. Бұл іс-шара жыл сайын қала күні қарсаңында өтіп тұрады. Биыл кен байыту комбинатында еңбек еткен 16 адамды таңдап алдық. Ең алғаш аллея ұлы жеңістің 75 жылдығына арналған еді. Одан кейін түрлі тақарптарға сай жалғасын таба берді, – дейді қалалық ардегерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов.

Даңқ аллеясы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Рудный қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастырды. Бұл жоба тарихты есте сақтап, қаланы салған, дамытқан азаматтарға деген зор құрметтің бір белгісі.

Қонақтардың ішінде Қасымқайыр Қазыбайұлы да бар Ол – 95 жаста. Рудный қаласына 1956 жылы жас маман ретінде жұбайы екеуі Алматының тау-кен институтын бітірген соң арнайы жолдамамен комбинаттың құрылысына үлес қосамын деп келген еді. Өзі Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Бірақ осы кеншілер қаласына сіңіп, әбден тұрақтап, бар ғұмырын арнады. Осы аллеяда екі жыл қатарынан есімі жазулы тұрды. Бүгін көзкөрген замандастарын көріп, қуанып жатыр.

 –Біздің заманымызда жұмысқа жолдамамен жіберетін. Жастық шағымызда Дина жұбайыммен мектепті алтын белгіге бітіріп, жоғарғы оқуға түсіп, бітірген соң қол ұстасып осында келдік. Ең алғаш келгенде қала мидай дала, бір ағаш та жоқ еді. Кен байыту комбинатында өзім – 40, жұбайым – 35 жыл еңбек етіп, дамуына бір кісідей үлесімізді қосқан адамбыз. Тау-кен инженері маманымын. Еңбек жолымды шебер ретінде бастап, техникалық бөлімнің бастығының орынбасарына дейін көтерілдім. Түрлі жобалар құрдым. Комбинаттан зейнетке шықтық. Бірақ күні бүгінге дейін қоғамдық жұмыстардан қол үзген емеспін. Рудный қаласы туған жерімізге айналды. 68 жыл бойы осында тұрып, тамырымызды жайып, немер-шөбере сүйіп отырмыз, – дейді Қасымқайыр ата.

Қасымқайыр ата тек инженер ғана емес, газетіміздің тұрақты оқырманы екен. Қолы боста өлең шығарып, қала тірлігі жайында мақала жазатын да өнері бар. Бірнеше кітаптың да авторы. Жалпы жаны шығармашылыққа жақын.

 

 –Біздің асыл қазынамыз – ардагерлеріміз. Қаланың дамуына қосқан еңбектеріңіз ерен. Оның бәрін де жастар, қала тұрғындары білулері керек, – деді Рудный салтанатты бас қосуда қала әкімінің орынбасары Сәкен Қоқышев.

Осы аллеяда есімі алтын әріппен жазылған жанның бірі – Рысбике Сүймекова. Ол кісі осы қалада елу жыл тұрады. Өзі Қарабалық ауданының тумасы.

Бар ғұмырын ағартушылық салаға арнаған ұстаз. Бір кездері «Рудненский рабочий» қалалық газетін де қолға алып, деңгейін көтерген еді. Өзінің көшбасшылық қасиетінің арқасында қоғамдық жұмыстарды жандандырды. Әйелдер, қандастар, мүгедектер және белсенд ұзақ өмір сүру мәселелері бойынша көптеген жобаларды жүзеге асырған. Қазақ КСР Ағарту ісінің үздігі.

 – Қаланың дамуына еңбектері сіңген азаматтардың қатарынан өзіңді көру де бір бақыт. Адам еңбектің жемісін көру керек. Өзім өмірімді ағарту саласына арнаған екенмін, қаламыздың көркеюіне барымды салып еңбектендім. Бірақ мен алдымен анамын. Зейнеткерлікке жасым жетпесе де балаларым жұмыс істесін деп бір кездері немеремді бағып, үйде отырдым. Отбасы – адамның басты байлығы. Сол немерем менің еңбегімді ақтап, мектепті үздікке бітіріп, қазір Барселонада білім алып жатыр. Бірақ мен зейнетке шықтым деп отырып қалмадым, қолымнан келген барлық жұмыстарға үлесімді қостым. Өмір бойы қоғамдық жұмыстармен айналысып келемін. Рудныйда ең алғаш үкіметтік емес ұйым құрған едім. Қандастарға да бастамашы болып, бірнеше жоба атқардым. Бүгін ардагерлер кеңесіне алғысымды айтқым келеді. Мұндай жерде құрметке лайықты адамдардың көп жылғы еңбектері тұр, – дейді Рысбике Қасымқызы.

        Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген А.Жүзбай

Рудный қаласы

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу