Ринат грант иегері

Ринат грант иегері

Арқалық политехникалық колледжінің білім алушысы Ринат Нұрмихаметов облыстық қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Мемлекеттік жастар саясатын насихаттау және бастамашыл, дарынды жастарды қолдау жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы аясында өткізілген «Тәуелсіздік ұрпақтары» стартап жобалар байқауында жеңімпаз болып танылып,500 мың теңге грант иегері атанды.

Жеңімпаздың жетекшісі аталмыш колледждің «Химия және экономикалық пәндер» оқытушысы әрі аға шебер Болат Бапарұлы. Бөкеңнің айтуынша өндіріске қызығушылықты ерте бастаған. Қазіргі күні қарамағында 15 өндірістік оқыту шебері бар.

Жаңашыл ұстаз 2022-2023 оқу жылынан бастап колледждің бір топ бірінші курс білім алушылармен, атап айтар болсақ: Ринат Нұрмихаметов, Руслан Апарин, Нұрсұлтан Әбдірахманов сынды шәкірттерімен бірге Арқалық қаласының төңірегіндегі саз балшықтан түрлі бұйымдар жасауға кірісті.

Баршаға белгілі өткен уақытта Арқалық қаласында кірпіш зауыты, керемикалық зауыт тәрізді өндіріс ошақтары көп болған. Ақтөбе жағынан келген кәсіпкерлер алуан нақышты майлы бояу жасаған.

Болат Бапарұлының өзі 1993 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагоикалық институтын аяқтаған кезде дипломдық жұмысын бор жасап қорғаған екен. Ғылыми жетекшісі – атақты ғалым, институт ректоры, академик Қосылған Күзенбаевтың өзі болыпты. Ол осының бәрін ойластыра келе бүгінгі күні керамикалық бұйым, түрлі түсті сыр, түрлі түсті бор, кірпіш, керамзит т.б бұйымдар жасап шығаруды қолға алыпты.

Осы жұмыстардың нәтижесі ретінде биылғы жылдың ақпан айында Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына арналған «Табыс жолы-2023: БІЛІМ.ҒЫЛЫМ.КӘСІП» атты Халықаралық студенттік ғылыми-тәжірибелік конференцияда Арқалық политехникалық колледжінің білім алушылары Руслан Апарин мен Ринат Нұрмихаметов 22 қатысушының ішінде жүлделі екінші орынға ие болды.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» стартап жобалар байқауына Қостанай облысының 16 және 35 жас аралығындағы жүзге тарта жастары қатысты. Жастар өздерінің бизнес идеяларын қорғап,сайысқа түсті. Жобаны ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей осы жылдың сәуір айынан бастап шілде айына дейін жастарды бизнестің қыр-сырына үйретіп, біраз жақсы жұмыстар істеді. Соның арқасында 12 жұмыс финалға шықты. Бұл жобалардың бәрі де өте жақсы еліміздің дамуына зор үлес қосатын жастардың бизнес идеялары деп ойлаймын. Байқауға қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Шәкіртім Ринат 500 мың теңге грант ұтып алып, бүгінде сол грант қаражаты бойынша керамикалық бұйымдар өндіру бағытында кәсіп өрбітуді алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз», – дейді ұлағатты ұстаз Болат Бапарұлы.

«Рас, бұл жердің саз балшығы да өте құнды. Себебі, сапасы өте жоғары. Отқа төзімді, мықты. Кешегі кеңес үкіметі кезінде Арқалықтың керамикалық зауытынан неше түрлі жақсы бұйымдар шықты. Соның арқасында басшылары даңққа бөленді. Балаларымыздың талабына нұр жаусын. Қаламызды алға қарай дамыту үшін осындай игі бастамаларға көбірек қолдау көрсету керек», – дейді қала тұрғыны, көнекөз қария Қасқырбай Әбдіқадырұлы.

 

Мұрат Жүнісұлы

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу