Қызылшаға шалдыққандар көбейді

Қызылшаға шалдыққандар көбейді

Шаһардың соңғы жартыжылдықтағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуалы дүйсенбілік аппарат кеңесінде мәлім болды. Кеңесте сөз алған Қостанай қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Әріп Меңдекинов биылғы көктемде қызылшамен ауырғандар саны күрт өскенін айтты.

Алты айдың ішінде қызылша ауруының 167 жағдайы тіркеліпті. Былтыр дәл осы кезеңде он-ақ адам ауырған болатын.

«Ауруға шалдыққандар қатарының тым көбейіп кетуінің бірнеше себебі бар. Ең алдымен вакцинациядан бас тарту. Вирустық инфекцияны жұқтырғандардың 65-і вакцинациядан бас тартқаны анықталды. Тіркелген жағдайлардың 11,3 пайызы, яғни 19 адамның екпе статусы белгісіз. 15 адамға немесе 8,9 пайызына медициналық қарсы көрсетілім берілген. 57 бала екпе жасына жетпеген, яғни 1 жасқа толмаған», – деді баяндамашы.

Екпе – ағзаны әртүрлі жұқпалы аурулардан қорғайтын, тұрақты иммунитетті қалыптастыратын қалқан екенін екінің бірі түсіне бермейді. Соқыр сенімнің жетегіне еріп, көшедегі көлденең көк аттының сандырағына сеніп вакцинациядан қашатындар азаймай отыр. Қостанай қаласында биылғы алты айда Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесінде белгіленген екпелерді алу көрсеткіші ең төменгі деңгейге құлдыраған. Әсіресе 14 жасқа толмаған балалардың ата-аналары екпеден бас тартуы жиіледі.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті түсірген Василий Васильев