Құрылтай сайлауына дайындық қалай?

Құрылтай сайлауына дайындық қалай?

Қостанайлық Дана Сұлтанғалива мүгедектігі бар азаматтардың мәселесін көтеріп, бағыт-бағдар беріп жүрген белсенді. Көру қабілеті төмен азаматтар үшін «Мир нашими глазами» атты қоғамдық бірлестіктің негізін қалаушы. Жанашыр жан мониторинг тобымен бірге қаладағы дауыс беру учаскелерін аралап, алдағы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық деңгейін тексерді. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділігіне көңіл бөлді.

Қоғамдық белсенділерден құралған топ алдымен қаладағы №3 сайлау учаскесінен бастады. Ғимараттың кіре берісіндегі баспалдағына тактильді тақтайшалар орнатылыпты. Мұндай белгі көру қабілеті бұзылған немесе зағип жандарға бағыт беру үшін керек. Даладағы баспалдақтың бүйірінде пандус бар. Қоңырауын бассаңыз учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері шығып, ішке кіруге көмектеседі. Нысанның табалдырығынан бастап  еденге сары түсті жолақтар төселген. Бетінде бүдірі бар белгі дауыс беру аймағына дейін апарады. Таяқпен түрту арқылы жолды бағдарлай аласыз.

«Бізде мүгедектігі бар адамдарға арнайы қызметтер қарастырылған. Дыбыстық бағдарлама бар. Ерекше көмек қажет ететін азаматтардың үйіне барып, дауыс беру процессін ыңғайлы ұйымдастыруға тырысамыз. Олар үшін кедергі туғызбауы тиіс. Бірақ, саяси науқанға көппен бірге қатысып, мұндағы аураны сезінгісі келетіндер бар. Көбінесе бірінші келген сайлаушыларға сыйлықтар таратып, мерекелік көңіл-күй қалыптастырамыз. Бауырсақ үлестіреміз. Жұбаныш сыйлықтарын береміз. Мұның бәрі көпшіліктің назарын аударып, саяси науқанға белсенділік танытуға ынталандырады», – деді №3 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Гульнара Кучикова.

Биылғы республикалық референдум кезінде аталмыш учаскеде дауыс беру құқығына ие 15 мүгедектігі бар азамат тіркеліпті. Оның 12-нің көру қабілеті төмен, үшеуінің тірек-қимыл аппараты бұзылған. 23-тамыздағы Құрылтай сайлауында барлық дауыс берушілер назардан тыс қалмайды. Мүгедектігі бар адамдардың кедергісіз дауыс беруі үшін ені 1 метрлік кабиналар жасақталмақ.  Сыртына айқындаушы белгі ілінеді. Жанына ақпараттық бұрыш, ұлғайтқыш әйнек (лупа), аудио және бейне материалдар, құлаққап қойылады. Саяси науқанға қатысты барлық дерекпен сол жерден таныса аласыз. Ақпараттық материалдарды  ҚР Орталық сайлау комиссиясы әзірлейді.

«Саяси науқан кезінде белсенді сайлау құқығына ие кез-келген азамат үшін ешқандай кедергі жасалмауы тиіс. Біз осы ұстанымды басшылыққа алудамыз. Сондықтан қаладағы барлық қоғамдық бірлестіктермен бірлесе мониторинг жүргізуге кірістік. ҚР Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен әр сайлау науқанының алдында учаскелерді аралап, жан-жақты қадағалаймыз. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтарға қандай жағдай жасалғанын немесе ескерусіз қалған кемшіліктерді назарға аламыз», –деді  Қостанай қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сәния Шәріпова.

Қала бойынша тоғыз инватакси және тоғыз сурдоаудармашы бар. Биыл 15 наурыздағы республикалық референдумда 12 инватакси қызмет көрсетіпті. Мониторинг топ мүшелері алдағы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық ойдағыдай жүріп жатқанын айтты.

blank

«Мен бұл жерге инватаксимен келсем кедергісіз дауыс бере алатыныма сенімдімін. Себебі ғимараттың сыртынан бастап ішіне дейін белгілер қойылған. Ыңғайлы. Еркін қозғалуға қолайлы. Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері күтіп алады, көмектеседі, бағыт береді. Интерактивті төсеніш жолақтар бар. Дыбыстық құралдар тұр. Шақыру қоңырауын қолдана аласыз. Заманауи жабдықтар дауыс беру процессін қолжетімді етеді. Тактильді жолақтар даладан бастап учаскенің ішіне дейін жетелеп алып келеді. Мүгедектігі бар азаматтарға барынша көңіл бөліп, жағдай жасап жатқанына қуаныштымын. Мен еліміздегі саяси науқандардан тыс қалмауға тырысамын. Биыл көктемде республикалық референдумға белсенді қатыстым. Елдің болашағына бей-жай қарамай, азаматтық ұстанымды білдіруді құп көремін», – деді «Мир нашими глазами» ҚБ негізін қалаушы Данна Сұлтанғалиева.

№21 сайлау учаскесі мүгедектігі бар азаматтар үшін жаңа құрылғыларды пилоттық режимде пайдаланбақшы. Ғимараттың сыртындағы автотұрақта инватакси үшін арнайы орын белгіленіпті. Кіре берісінде электрлі жедел саты қойылған. Қоңырауын басып, көмек шақырасыз. Әрі қарай есіктің екі жақтауына бағдаршам іспеттес қызыл түсті қос шамшырақ бекітілген. Көру қабілеті төмен адамдарға арналған белгі екен. Табалдырықтан аттай бергеніңізде дауыстық хабарлаушы тұр. Электронды құрылғы «№21 сайлау учаскесіне қош келдіңіз!» деп мемлекеттік тілде және орыс тілінде хабарлайды. Құрылғының қасына таяғанда автоматты түрде іске қосылады. Сайлау учаскесіне қадам басқан сәттен-ақ соны жаңашылдық тосып алады. Едендегі тактильді плиткалармен жүріп өтіп,  дауыс беру залына топ ете қаласыз. № 21 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Бауыржан Кажиякбаровтың айтуынша, қазір жаңа жабдықтар біртіндеп орнатылып, әзірлігі пысықталуда. Құралдарды Қостанай қаласының әкімдігі сатып алып беріпті. Тиімділігін дәлелдесе болашақта өңірдің барлық сайлау учаскелерін қамту жоспарланып отыр.

blank blank blank blank blank

Қалада барлығы 101 сайлау учаскесі бар. Оның 95-і интерактивті картаға енгізілген. Көбі жасыл түспен белгіленіпті. Демек ол жерлер саяси науқанға 100 % дайын деген сөз. Үйден шықпай жатып азаматтар интерактивті картаны ашып, учаскелердің мүмкіндігін алдын ала біле алады. Орналасқан жерін, сыртқы келбетін, көлік тұрағы мен пандустардың бар-жоғын байқайды. Интернет жүйесіне  «Қостанай қаласының интерактивті картасы» деп терсеңіз толық мәлімет шығады.

«Саяси науқан басталғанша учаскелерді аралауды жалғастырамыз. Аурухана, емханалар базасындағы учаскелер қазірдің өзінде дайын. Себебі ол жерлерде жедел сатылар бұрыннан бар. Соған қарамастан біз қоғам белсенділерімен, мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қорғайтын ұйымдармен бірге барып көреміз», – деді Қостанай қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сәния Шәріпова.

Мониторинг тобы сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділігін қадағалауды жалғастыра бермек. Алдағы уақытта бірнеше топқа бөлініп, жұмысты жандандырмақшы.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген Василий ВАСИЛЬЕВ