Қыздар төбелесінің салдары:  барлығына сабақ болуы керек

Қыздар төбелесінің салдары: барлығына сабақ болуы керек

Әлеуметтік желіде өскемендік оқушы қыздың өзі құралпылас жеткіншекті ұрып-соғып жатқан бейнежазбасы тарап кетті. Аяусыз ұрғаны былай тұрсын, қорқытып шешіндіріп, видеоны ғаламторға жүктеп жіберген әрекеті көптің ашуын тудырды. Осы сынды көріністер, жас қыздардың жаға жыртысып, бірін-бірі ұрып-соғуы сынды келеңсіз оқиғалар неге жиілеп кетті? Біздің өңірде осындай жағдайлар тіркелген бе? Зерттеу жүргізіп көрдік.

 Мамандар пікірі

Қостанай қаласы №28 мектеп-гимназиясының психологы Мөлдір Қалиеваның пікірінше, мұндай жайттар қыздардың «өтпелі» кезеңінде жиі болатын көрінеді. Олар өз қатарластарының арасында мықты болып көрінгісі келеді. Ашу-ызаға жиі бой алдырады. Бұған қоса, алғашқы махаббат, мектеп ішіндегі әртүрлі жағдайлар да жас қыздардың сөзге келуіне себеп болады. Соңғы жылдары қыздар арасындағы төбелесті әлеуметтік желіге тарату жиіледі. Мамандардың пікірінше, оның соңы кек алумен аяқталып жатады. Әсіресе, мектеп жасынан төбелеске бейім, тәрбиесі нашар қыздар жанжалдың бел ортасында жүреді. Жанжалға себеп болатын жағдайлар –  махаббат, яғни жігітке таласу, қызғаныш және ақшаға қатысты болатын көрінеді.

Қазір қоғамды дүр сілкіндірген ұрдажық оқушы қыздардың қылығы қайталанбас үшін алдын алу жұмыстары бізде де күшейтілуде.

– Бұған дейін де барлық оқушылармен алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Қостанай облысында әзірге мұндай оқиға тіркелген жоқ. Облыста анонимді психологиялық көмек көрсету бойынша тәулік бойы «Сенім телефондары (37-08-58, 8-708-087-42-01) жұмыс істейді (оның ішінде 204 өтініш түсті, оның ішінде 157 ата-аналар мен педагогтар, 47-кәмелетке толмағандар, 654 консультация өткізілді). Кеңес беру барысында оқушылардың ата-аналарына баламен өзара әрекеттесу ерекшеліктері және балалар мен ата-аналар арасындағы қиындықтарды жеңу жолдары ұсынылды, – дейді облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Анна Лазарева.

Облыста балалардың деструктивті мінез-құлқының алдын алуға, сондай-ақ оларға қажетті әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуге бағытталған шаралар кешені қабылдануда. ТжКБ 5-11 сыныптары мен 1-2 курстарының ата-аналары үшін жылына екі рет «Кәмелетке толмағандар арасында аутодеструктивті мінез-құлық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі бірыңғай облыстық ата-аналар жиналысы» өткізіледі. Мәселен, 2023 жылғы 16 ақпанда жиналысқа 39 мыңнан астам ата-ана қатысқан.

– 1-11 сынып оқушылары үшін жалпыға бірдей құқықтық оқыту сабақтары шеңберінде апта сайын негізгі құқықтық нормативтік құжаттар, балалардың құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі. Биыл 15 наурызда Білім басқармасының тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімімен қалалар мен аудандардың білім бөлімдерінің әдіскерлерімен, жалпы білім беретін мектептер директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларымен тәрбие жұмысының өзекті мәселелері бойынша жұмыс жүргізілді. Тәуекел тобындағы оқушылар тұратын отбасылар, оның ішінде тұрмысы төмен отбасылар (983 ата-ана немесе 940 отбасы, оларда 940 мектеп жасындағы балалар) тұрақты назарда, – дейді облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Анна  Лазарева.

Әзірге мұндай оқиға тіркелген жоқ

Облыстық Полиция депатарментінің ЖПҚБ ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Индира Нуруеваның айтуынша, жыл басынан бері жасөспірім қыздар арасында мұндай дерек тіркелмеген. Қала бойынша барлығы 36 мектепте инспектор жұмыс істейді. Бұған қоса оларға қоғамдық қауіпсіздік бақылау да міндеттелген.

– Қазір жастар бір-бірімен білім арқылы ерекшеленуді қалайды. Бізде оларға осыны түсіндіреміз. «Сіздердің мақсаттарыңыз – білімді болу» деп айтамыз. Бұрын мінезі ауыр балаларды, «қиын балалар» дейтін, ал  қазір «ерекше балалар» деп айтамыз. Ол баланың мінезі нашар болса да оған «сен жақсысың» дейміз. Себебі балаға «сен бұзықсың» деп айта беруге болмайды. Жалпы балаға тек жақсы нәрселерді айтып, жақсы дүниелерді көрсету керек. Оның бойында позитивті психологияны қалыптастырған жөн, – дейді Мөлдір Қалиева.

Психологтардың пайымынша, қандай жағдай болмасын, баланы тыңдау керек. Қазір ата-аналар балалармен сөйлеспейді. Баласының немен айналысып жүргенін, оның не ойлайтынынан бейхабар ата-ана көп. Баланы тыңдау керек. Оның ойын білу керек. Жалпы, қазіргі жасөспірімдер арасындағы суицидтің, келеңсіз оқиғалардың көпшілігі отбасындағы берекесіздікке және ажырасуға байланысты. Психолог мамандар осылай дейді.

Қаладағы мектептердің бірінде балалары оқитын көп балалы ана Айсәуле Жаманова қыздар арасында қақтығыстың болатынын жасырмайды.

– Былтыр алтыншы сыныпта оқитын қызымның қатарластары арасында төбелес болды. Бірақ, әлеуметтік желіде тарағандай қатыгездік тұрғыда емес. Мәселені психолог, мектеп әкімшілігі, сынып жетекшісі болып шештік. Қыздар арасындағы келіспеушілік екенін білдік. Қақтығыстың себебі көп. Бір жағы өтпелі кезең. Кейін жағдай қалыпқа келді, – дейді ата-ана.

«Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» деген де сөз бар. Қалай десек те, нәзік жаратылыс иесінің төбелескені жараспайтын қылық. Жаман әдеттің алдын алу үшін қоғам болып әрекет етуіміз қажет. Ойланайық!

Шұға ҚОҢҚАБАЙ.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу