Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайындағы «Орталық Азия-Қытай» саммитінде Қазақстан Қытаймен энергетика саласындағы тұрақты ынтымақтастықты дамытуға арналған келісімге қол қоятынын мәлім етті. Бұл туралы KAZINFORM жариялады.
«Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті өте зор. Біз озық технологиялармен алмасуды жандандыру және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларына үміт артамыз. Сондай-ақ өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, энергетика көздерін технологиялық тұрғыдан дамытып, әртараптандыруға назар аударған жөн», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастық жаңартылатын энергия көздері бойынша да келешегінен үміт күттіретін жобаларды қамтитынын атап өтті.
«Қытай Халық Республикасының атом энергетикасын дамытудағы табысты, мол тәжірибесін ескерсек, біз осы стратегиялық саладағы тұрақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Ең жақын арада келісімге қол қоюға дайындаламыз. Сондай-ақ жасыл кластер құру, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бағыттарында перспективалы жобалар бар», — Мемлекет басшысы.