Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары – стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеретін маңызды оқиға.
Қытай басшысы Си Цзиньпин үш жыл ішінде үшінші рет Қазақстанға сапарлап келді. Біз бұдан екі ел арасындағы қарым-қатынастың жай ғана хаттамалық байланыстан гөрі, терең өзара сенім мен ұзақмерзімді мүддеге негізделгенін көруге болады.
Қазіргі таңда Қытай Қазақстанның екінші ірі сауда серіктесі. Екіжақты тауар айналымы 30 миллиард доллардан асып, инвестициялық жобалар көлемі 26 миллиардқа жетті. Көлік логистикасы, цифрлық технология мен экологиялық бастамалар бағытындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге өтуде.
Саммит аясында Ресейден тыс айналма транзиттік дәліздерді дамыту мәселесі де көтерілді. Мұнысы Орталық Азиядағы геосаяси жағдайды қалыпты деңгейде ұстауға бағытталған ұтымды шешім. Каспий теңізі арқылы өтетін көлік бағыттары Қытайға Еуропамен тікелей байланыс орнатуға жол ашылады. Бұл жерде Қазақстанның рөлі транзиттік көпір болу ғана емес, өңірлік тұрақтылықтың тірегі ретінде айқындалып отыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытаймен қатынастағы тәжірибесі мен дипломатиялық салмақтылығы серіктестіктің сапалы жаңа мазмұнға көшуіне ықпал етуде. Қытай басшысы да Тоқаевтың білімін, саясаттағы салмағын жоғары бағалап, ерекше ілтипатпен қабылдап отырғаны байқалады.
Си Цзиньпиннің бұл сапары жай ғана «құрметті қонақтың келуі» емес, болашақ Еуразияның бейнесін қайта сызатын күрделі партияның бір жүрісі. Бұл партияда Қазақстан – шеткері емес, шахмат тақтасындағы маңызды фигура. Сондықтан мұндай қадамдарда ұтылмаудың жолы – ұлттық мүдде мен ұлттың сенімін қатар алып жүру.
Әсемхан ЕСМАҒАМБЕТОВ,
Әулиекөл ауыл шаруашылығы
колледжінің тарих пәні оқытушысы