Қостанай облысының полиция қызметкерлері, прокуратура, басқа да мүдделі органдар бірлесіп, жүргізуші куәлігін алуға емтихан қабылдаумен айналысатын қылмыстық топты әшкереледі.
Емтихан алу қызметімен айналысуға тендерді жеңіп алған серіктестіктің бірінің өкілдері жүргізуші куәліктері мен санаттарын алушылардан тест сынақтарынан өткізіп беру үшін сыйақы алған. Бұл жайында облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Ербол Қайырбеков брифингте мәлімдеді.
– Күдіктілер белгілі сомаға азаматтарды сынақтан өткізіп берген. Ол үшін жүргізуші куәлігін алатын адамдар іс жүзінде тестілеуден өтпейді әрі емтихан тапсырмайды. Емтихан алушылар ақылы түрде жүргізуші куәлігін беріп отырған, ал тест тапсырушы 40 минут ішінде емес, 5 минутта сынақ тапсыра алған. Көбісі мемлекеттік тілді білмесе де, тесті сол тілде тапсырды. Әр сынақ 160-тан 400 мың теңге сыйақыға бағаланған. Осылайша, мыңнан астам адамның емтихан тапсырғаны анықталды. Қазіргі уақытта қажетті алғашқы тергеу әрекеттері, соның ішінде дәлелдемелерді нақтылауға бағытталған санкцияланған тінтулер жүргізіліп жатыр», – деді полковник.
5 адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелерінен айғақ ретінде банк карталары, 1 млн теңгеден астам қолма-қол ақша, компьютерлік техника, флеш карталар, телефондар мен құжаттар, тіпті күдіктілердің бірінен 12 калибрлі патрондар мен тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық тәркіленіпті. Қазір полиция қылмыстық топтың барлық мүшелеріне қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 399 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеуді бастады. Кінәлары дәледенсе, оларға 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Өзге де ақпараттар тергеу құпиялығына байланысты жарияланбайды. Бірақ Ербол Қайырбеков тергеу барысында қылмыстық топ қатары әлі де толығуы мүмкін екенін айтты.
Бір анығы, тәртіп сақшыларының қылмыстық топты құрықтауына соңғы уақытта облыс жолдарындағы көлік апаттарының жиілеуі мен салдары да ауыр бола бастағаны себеп болған. Ал көлік тізгінінде отырғандардың арасынан оңай жолмен жүргізуші куәлігін сатып алатындар табылыпты. Мәселен, жыл басында Рудный қаласында Chevrolet Cobalt автокөлігінің тәжірибесі бір айдан аспайтын 19 жастағы жүргізушісі Audi автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан Audi жолаушысы ауыр дене жарақатын алды. Осыдан кейін сыбайлас жемқорлық ықтималдығы схемасын анықтау бойынша арнайы операция жүргізу туралы шешім қабылданған екен.
Қ.ҚИЫСХАН.