25 мая, 2025
Қуыршақ театры  балалар жүрегіне қалай жол тауып жүр?

Қуыршақ театры  балалар жүрегіне қалай жол тауып жүр?

Қостанайдағы қуыршақ театры бүгінгі таңда тек балаларды ғана емес, бүкіл отбасын қамтитын қойылымдар арқылы өз көрерменін тәрбиелеуді мақсат етіп келеді.

Театр ұжымы жас ұрпақтың бойында қазақ тіліне, ұлттық мәдениетке және жалпы театр өнеріне деген қызығушылықты қалыптастырып жүр. Бұл жөнінде театрдың көркемдік жетекші  Анара Берікқызы Жәнбекованы сөзге тарттық.

– Біздің басты мақсатымыз – балалардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, оларды театр өнерімен тәрбиелеу. Қойылымдарымыз ойын түрінде өтетіндіктен, балалар ақпаратты оңай қабылдайды, – дейді  Анара Берікқызы.

Театр репертуары әр жастағы көрерменге лайықталып жасалған. Кез келген жастағы аудиторияға арналған спектакльдер бар. Ең кішкентай көрермендерге арналған қойылымдарда қауіпсіздік, тәртіп, қоршаған ортамен қарым-қатынас секілді маңызды тақырыптар ойын формасында түсіндіріледі.

Ерекше атап өтерлік жайт – театр қойылымдары қазақ және орыс тілдерінде қойылады. Бұл – қос тілді аудиторияны қамтуға, сондай-ақ қазақ тілін үйреніп жүрген балалар мен ата-аналар үшін таптырмас мүмкіндік.

– Біз қазақ тілінің дамуына үлес қосқымыз келеді. Бала сахнадан естіген тілді күнделікті өмірінде де қолдануға тырысады. Сонымен қатар орыс тілді көрермендерге де ашықпыз – спектакльдер екі тілде де қолжетімді, – деп бөлісті Анара Берікқызы.

Театр өз заманына сай дамып келеді. Ұжымның ресми сайты бар, онда әрқашан жаңалықтар, алдағы спектакльдердің кестесі мен билет туралы ақпарат жарияланып отырады. Бұл ата-аналар үшін өте қолайлы.

Қуыршақ театры көрермендерінің географиясы да кеңейіп келеді. Театр ұжымы Қостанай облысының түрлі аудандарынан, тіпті басқа өңірлерден келетін қонақтарды да қуана қарсы алады. Олар үшін театр — ашық әрі жылы қабылдайтын мәдениет ошағы.

Қуыршақ театры – бұл тек ойын-сауық емес, бұл – тәрбие мен білім беру алаңы. Қостанайлық балалар үшін бұл театр балалық шақтың жарқын бөлшегіне айналса, ата-аналар үшін сенімді серіктес бола білді.

Бахыт Исимбаева 

ҚӨУ студенті