Қостанай қаласындағы Жеңіс саябағында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш жанында марқұмдарға тағзым жасалды. Қаралы жиынға мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың, партия және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ЖОО және колледж басшылары мен студенттері қатысты. Іс-шараның өтуіне Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы ұйытқы болды.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев іс-шараның маңызына тоқталды.
– Халқымыз талай тағдыр тәлкегінен өтті. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінің мәні тереңде. Еліне өлшеусіз қызмет істеп, жазықсыз жаланың құрбандарын жастар естерінен шығармауы тиіс. Бұл күні еріксіз жер аударылған азаматтарды, аштықтан көз жұмған миллиондаған боздақтарды еске алар сәт. Жазықсыз атылғандар қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатов сынды зиялылармен бірге аймақтарда лауазымды қызмет атқарған белді тұлғалар да көп болды. Қуғынға ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да кінәсыз жапа шекті, – деді облыс әкімінің орынбасары.
«Құқықтық Қазақстан үшін» азаматтық қозғалысының жетекшісі Михаил Жүсіпұлының бастамасымен 2003 жылы құрбандарға тағзым тақтасы орнатылған. Боздақтардың ұрпақтары тақта алдында тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің студенті Гүлжихан Ермұханова тағзым ету күнінін жастар үшін мәні мол екенін айтады.
– Іс-шараның арқасында тарихымыз дәріптеледі. Өзіміз қатарлы жастар өткеннен сабақ алып, ұмытпауға тиіс. Әр боздақ біздің жүрегімізде болуы керек. Ата–бабамыз көрген қиыншылықты енді ешкімге көрсетпесін. Жас ұрпақ бейбіт, жайлы, тыныш өмірдің қадірін білуі керек, – дейді студент.
Мадина Мейірім
Суреттерді түсірген Бибіт Мирамұлы