«Қуатты өңірлер» бірнеше бағытта дамиды   

«Қуатты өңірлер» бірнеше бағытта дамиды  

Басқа моноқалалармен салыстырғанда, Лисаков анағұрлым таза, абаттандырылған, жинақы. Көрікті шаһар биыл тамызда 52 жылдығын атап өтпек. Қала 1971 жылы осы аттас тау-кен байыту комбинатының негізінде құрылған. Әкімшілік-аумақтық ауданы 0,1 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Қаланың әкімшілік аумағына Октябрь кенті кіреді.

Экономиканың 79,1% үлесі тау-кен өнеркәсібі еншісінде

Лисаков табиғи ресурстарға бай. Жерінің астында темір рудалары, боксит, сирек металдар, құрылыс материалдары, жерасты суларының салмақты қорлары бар. Қала экономикасында жетекші рөл өнеркәсіп секторына тиесілі. Ол тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінен, жылу, электр энергиясын және суды өндіруден құралған. Соның ішінде экономиканың 79,1% тау-кен өндіру өнеркәсібінің еншісінде. Жергілікті экономиканың негізгі дамуын қамтамасыз ететін «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы, Краснооктябрь боксит кен басқармасы және «Өркен» ЖШС Лисаков филиалы. Бұған қоса, сүт өнімдерімен еліміздің өзге өңірлерін асырап отырған «Деп» бренді бар кәсіпорын да осында орын тепкен. Сыра өндіретін «Алтын Өмір» ЖШС, полиэтилен пленкасын шығаратын «Спутник-1» ЖШС, металл құрылымдарын жасаумен айналысатын «ЭксклюзивСтрой» ЖШС да соңғы жылдары жергілікті өңдеу өнеркәсібін ілгері сүйреп келеді.

Машина жасау секторында орақтар, арбашалар өндірісін  жолға қойған «Дон Мар» компаниясы қызмет етуде. Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған, гофрлауға арналған қағаз өндіретін «ЛисБум.kz» ЖШС, жұмыртқа науа-лотоктарын жасайтын «Картонно-Бумажный комбинат-2015» ЖШС өнімдері де сұранысқа ие. Нәтижесінде, қаланың өнеркәсіптік әлеуетінің жалпы көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 17,8%-ды құрады.

Жылу қазандықтарының 51% тозығы жеткен

Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраевтың айтуынша,  жылу орталығы 1968-1978 жылдары пайдалануға берілген. Орталықтағы су жылыту қазандықтары соңғы рет 2020 жылы күрделі жөндеуден өтті. Олардың орташа тозу деңгейі 51%. Сондықтан таяу жылдары су жылыту қазандықтарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Қала әкімі алдағы уақытта жылу желісін, қаланың басқа коммуналдық инфрақұрылымы жаңғыртылатынын айтады.

Көңіл көтеруге жағдай жасалған

«Алақай» отбасылық ойын-сауық орталығы Астанадағы Kango батут орталығына ұқсас. «Алақайды» салуға жарты миллиард теңгедей инвестиция құйылыпты. Сондай-ақ тұз шахтасы, басқа да көңіл көтеріп, демалысты қызықты өткізуге арналған орындар бар. Орталық директоры Любовь Захарова «Балақай» атты балабақшаға ие. Оның жанынан аквапарк салуда. Бұдан бөлек, биыл скалодром, жазғы лагерь, басқа да жобаларын жүзеге асырмақ. Яғни, бизнес жүргізуге жағдай бар.

Тұрғын үй, оқушылар сарайы қажет

Жылдың басындағы дерек бойынша шағын шаһарда жалпы саны 34,8 мың адам тұрады. Соның ішінде жұмысқа жарамды, экономикалық белсенді халық саны 22,4 мың.

Моноқаланың шешімін күткен проблемалары да жоқ емес. Соңғы үш жылда көпқабатты 2 үй ғана салынды. Жақында 105 пәтерлі тоғыз қабатты үй пайдалануға берілді. Әлі де тұрғын үй кезегін қысқарту мәселесі өзекті. 2022 жылғы жағдай бойынша баспана кезегінде 636 адам тұр. Қалаға бағдарлама аясында еліміздің оңтүстігінен де отбасылар көшіп келіп жатыр, оларды бірінші кезекте пәтермен қамту қажет. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің, мемлекеттік қызметшілердің 165 отбасы, 136 жетім бала, 304 халықтың әлеуметтік осал топтары, соның ішінде 31 көпбалалы отбасы баспанаға мұқтаж.

«Өркен» ЖШС қарамағындағы Лисаков кен орнының темір кені концентратын дефосфоризациялау бойынша жобаны іске асырудың соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Әкімдік жобаға жан бітірудің түрлі шешімдерін қарастыруда, мысалы, темір кенін дефосфоризациялаудың жаңа оңтайлы технологияларын іздеу жұмыстары жалғасты. Осы жоба сәтті іске асырылса, онда темір кені концентратын өндіру көлемі 2 еседен аса өсіп, экономикаға серпін берілетін еді.

О шаһар қанша дамығанымен, жастар көрші Ресейге немесе еліміздің ірі қалаларына кетіп жатыр. Оларды ұстап қалудың амал-тәсілдері қарастырылуда.

Балалардың шығармашылық дамуы, дарынын ұштау үшін көбірек жағдай жасалғаны жөн. Сондықтан спорт секциялары мен өнер, ғылым, техника үйірмелері бір жерде шоғырланатын жеке оқушылар сарайын салу күн тәртібінде тұрған көрінеді. Оның үстіне қалада көркем сурет, музыкалық мектептердің жеке ғимараттары жоқ. Мысалы, музыка мектебі №1 орта мектептің 3 қабатында, ал сурет ордасы мектепаралық оқу-өндірістік комбинатының төртінші қабатының бір бөлігінде орналасқан. Екі мыңға жуық баланы үш бағыт: экологиялық-биологиялық, адамгершілік-эстетикалық, спорттық-техникалық бағыттар бойынша оқытатын жергілікті «Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығы» коммуналдық кәсіпорнының да жеке ғимараты жоқ. Мәдениет үйі ғимаратында орналасқан. Мұның да шешімі бар дейді жергілікті билік.

 

Жаңалықтармен бөлісу