ҚҰРЫЛЫС  ҚАРҚЫНЫ  БӘСЕҢДЕМЕЙДІ

ҚҰРЫЛЫС  ҚАРҚЫНЫ  БӘСЕҢДЕМЕЙДІ

Соңғы жылдары Науырзым ауданында тұрғын үй, әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Қарамеңді кентінде  он жылдың ішінде көппәтерлі бес үй ел игілігіне айналған. Ілкімді іс биыл да жалғасын тапты. Мұнда  ұзақ жылдан бері бос тұрған 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды.

– Бұл үйлерде адамдар тоқсаныншы жылдарға дейін тұрды. Кейін, өзіңіз білесіз , жұрт елден көше  бастады. Мына қаз-қатар тұрған үйлердің бәрі сол жылдары қаңырап иесіз қалды. Түбі қажет болатынын ескеріп, есік-терезесін бітеп сақтап қойдық. Енді үш-төрт айдан соң бұл да жаңа кейіпке енеді, – дейді Науырзым аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Қойшыбай Иманмағзұмов.

Құрылыс жұмыстарына  жергілікті бюджеттен 162 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Мұның сыртында үйдің алдын абаттандыруға 42 млн теңге жұмсалмақ. Нысан қыркүйек айының аяғына таман аяқталады. Баспана үй кезегінде тұрғандарға, медицина мамандарына, көп балалы отбасыларға жалға беріледі.

– Аудан орталығында  120 адам пәтер кезегінде тұр. Ең бірінші кезекте зейнеткерлер, жетім балалар, көп балалы отбасылар  тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Сосын төрт-бес пәтерді дәрігерлерге дайындап қоямыз. Өйткені, ауданда медицина мамандары тапшы. Жас мамандарды қолдауды мемлекеттің өзі міндеттеп отыр, – дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы.

Қарамеңді кентінде бұдан бөлек “Ауыл – ел бесігі!” мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде  200 орындық мәдениет үйінің,  50 адамға шақталған “Арман” спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Әзірге, мердігер компания болашақ әлеуметтік нысандардың іргетасын құйып қойды.

– Қазір құрылыс алаңында он  адам еңбек етеді. Барлық жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Біз нысанды  алты айдың ішінде тапсыруымыз керек. Яғни, қазан айында тағы бір жаңа ғимарат тұрғындардың көз қуанышына айналады, – дейді құрылыс нысандағы жұмыс өндірісінің басшысы Сергей Цеттеркоф.

Әлібек ЫБЫРАЙ.

Суреттерді түсірген Бейбіт Мейрамұлы.

Науырзым ауданы

Жаңалықтармен бөлісу