«Құрметті донор» атағы неге жоқ? aikyn.kz

«Құрметті донор» атағы неге жоқ?

Қан донорлығы – қоғам үшін аса маңызды және өмірлік қажетті қызметтердің бірі. Алайда, елімізде қан донорларына төленетін өтемақы көлемі 1 айлық есептік көрсеткішке де жетпейді. Яғни, 983 теңгені құрайды. Бұл қаражат ағзадағы энергия шығындары мен өз қанының көлемін толықтыру үшін беріледі екен.

«Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша донорға қан тапсырғаннан кейін 0,25 АЕК көрсеткіш мөлшерінде компенсация беріледі. Қан тапсырардың алдында тоқаш пен тәтті шай береміз. Қаражат қан тапсырып болғаннан кейін беріледі. Еер жұмыс істейтін болса, жұмыс орнына қажетті анықтаманы алып, екі күн демалыс ала алады», – дейді облыстық қан орталығының медициналық сапаны басқару бойынша директорының орынбасары Альмира Нұрқанова.

Қан орталығына айына мыңға жуық донор келіп, қан тапсырады. Күніне 50-60 адам келеді. Көп жылдардан бері тұрақты түрде келіп тұратындар да бар. Бұрындары елімізде «Құрметті донор» деген атақ болатын. Бірақ ол атақ бүгінде жоқ. «Құрметті донор» төсбелгісі қайтадан орала ма әзірге белгісіз. Мұндай төсбелгі 2009 жылы күшін жойыпты. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені қайта қарап, көтергенімен әлі күнге бір шешімге келген емес.

«Денсаулық сақтау министрилігінде бұл мәселе көтеріліп келеді. Бізде мың жарымға жуық тұрақты, көп жылдардан бері қан тапсырып келе жатқан донорлар бар. 20 жылдан артық қан тапсырып жүрген донорлар да баршылық. Бұрын «Құрметті донор» атағы барларға медаль беретін. Мысалы, Ресейде коммуналдық төлемдерге, қоғамдық көліктерде жүргенде жеңілдік қарастырылған. Жылына бір рет шипажайға тегін демалыс беріледі. Бізде де осындай болса жақсы болар еді. Былтыр министрлікте осы атақты қайтару туралы және өтемақыны көтеру туралы мәселе қаралды. Әзірге нәтиже жоқ. Ал бізде донорға 983 теңге және екі күнге жұмыстан демалыс беріледі. Бұл демалысты бір жылдың ішінде қолдана алады», – дейді Альмира Әскерқызы.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мұндай атақты алу үшін донор кемінде 40 рет қан немесе 70 рет қан плазмасын өтеусіз негізде өткізуі тиіс. Қазіргі таңда жоғарыда аталған мөлшерде қан өткізген 210 адам бар. Алайда олардың 65-і, яғни 30 пайызы ғана арнайы төсбелгімен марапатталған.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА