15 мая, 2025
Құрақ құраған – құралады

Құрақ құраған – құралады

Талайды тамсандырған қазақ қолөнерінің қайталанбас түрі – қиыннан қиыстырып құрақ құрау. Құрақ құрау жай ғана қолөнер емес, оның астарында үлкен тәрбие мен мән-мағына жатыр. Бұл өнер әлі күнге ел санасынан өшкен жоқ десек те әнін айтып, құрақ құрайтын апалар ел ішінде азайған сияқты.

Көпшіліктен сұрап жүріп құрақшы Жаңылдық апаны Әулиекөл ауданының Новселов ауылынан таптық. Апамыз бала кезден құрақ құрап, кесте тігіп, тігін тіккен.

Кешегі ісмер апалардың ізін жалғаған Жаңылдық Молдағалиқызы жасы сексенге келген. Әлі күнге қолынан ине жібі түскен емес. Анасынан қалған аяқ тігін машинасы да, қол машинасы да бар. Әлі күнге зуылдап тұр. Беріде баласы заманауи тігін машинасын алып берсе де анасының көзіндей болған әлгі екеуі ыстық.

 – Бала кезімнен қолөнерге жақын болдым. Апаларым бәрін де үйретті. Шілтер, кесте тіккенді жақсы көретін едім. Өз киімімді өзім тіге беретінмін. Әр үйде міндетті түрде ұлттық қолөнер бұйымы тұруы тиіс. Қазақтың қазақ болуы – салт-дәстүрден, ұлттық құндылықтан бастау алатынын ұмытпауымыз керек, – дейді Жаңылдық апа өткен күндерді еске алып. – Құрақ көрпе – жай ғана төсеніш емес, ол – ананың алақаны, әженің батасы, ұлттың жаны. Әсіресе, қыз баланың жасауына міндетті түрде құрақ көрпе қосылуы керек. Бұл – ырым, бұл – тілек. Құрақ құрау арқылы ана өз перзентіне шапағатын, тілеуін білдіріп отырған. Әр қиық – ананың жүрек жылуы. Жасауға қосылған құрақ көрпе – тек сән емес, ол –тәрбиелік мәні зор рухани мұра.

Қазір құрақ құрағаннан гөрі дайын оюларды жапсыратындар көбейді. Ал құрақ оңай емес. Ол тұнған математика дейді апамыз.

 – Құрақ құрау үшін ең алдымен түрлі-түсті маталар қажет. Маталар түрі мен түсіне, қалыңдығы мен жұқалығына қарай сұрыпталып, бір-бірін ашатындай үйлесіммен таңдалуы тиіс. Құрақты тігер алдында мата қиындыларын бір-біріне сәйкестендіріп, үйлесімін есептеп аламыз. Оның бәріне есеп керек. Қарап отырсақ, мұның бәрі тұнып тұрған математика ғой. Кейде ойлаймын, осының бәрін біздің ата-бабаларымыз қалай меңгеріп, қайдан үйренді екен деп таңғаламын. Егер есеп дұрыс болмаса, құрақ та қисайып, бұзылады. Ал екінші жағынан бұл – үнем. Жоқтан бар жасау. Матаның қиындыларын қоқысқа тастамай, кәдеге жарату. Құрақ – ысырапсыздықтың, еңбекқорлықтың көрінісі. Бұрынғы апаларымыз да әр қиындыны сақтап, болашақта жаратады деп жинап отырған. Қазіргідей зат мол заманда да бұл өнер өзінің тәрбиелік мәнін жоғалтқан жоқ, – деп, апамыз көз алдымызда маталардың сан алуан қиығынан жаңа көрпе тіге бастады.

Қыздың жасауына қазақ халқы міндетті түрде құрақ көрпе қосқан. Ондағы ырым «басы құралсын, көбейсін» деген ниетті білдіреді. Бір жағынан құрақ тіл-көзден сақтайды, жамандықтан қорғайды деген наным да бар.

«Әжелер киім тіккенде,

Тастамапты қиықты.

Әр алуан қиық түскенде,

Дорбаға салып жиыпты.

Көп киім тігіп біткенде,

Қиыққа дорба толыпты.

Қиықты сәндеп тіккенде,

Құрақ көрпе болыпты», – деп әндеткен екен.

Бүгінде бесік тербетіп, әлди айтатын, құрақ құрап ән айтатын әжелер азайды десек те ұрпаққа жалғап келе жатқан аналарымыз бар.

–Құрақтың түрі көп. Тіптен әр жердің өзіне тән өрнегі бар. Мен көбіне сегіз жапырақ, ши және шешен құрақ құрай беремін, – дейді әңгімесін жалғап.

Апамыз ауылда ұзатылған талай қыздың дүниесін түгендеп, барлық көрпелерін тігіп берген.

 –Көрші көлем, туыс-туғанның бәріне тіккен шығармын, қанша қыздың жүгін жиғаным есімде де жоқ. «Құрақ құраса – құралады» деп ырымдап дүниесіне қосуға тырысқан. Бірақ еңбегіме ақы алып көргенім жоқ. Қазір ғой кәсіпке айналып кеткені. Қыздарымның шабаданын, көрпесін, жастығын дорбасын бәрін де тіктім. Қазір заманына қарай түрленіп, құрақ қалып бара жатқандай. Ешкім де құрақ құрап берші деп сұрамайтынын байқаймын. Ал оның маңызы өте зор. Тіптен биік үстелге көшкен соң төрге көрпе төсемейтін де болып бара жатырмыз, – дейді апам. –Құрақ құрау қолөнерімен кез келген адам айналыса алмайды. Өйткені құрақтың қиындығы көп. Алдымен, шыдамдылық керек. Сондай-ақ түс пен түсті сәйкестендіру аса жоғары шеберлікті қажет етеді. Құрақ өнерімен айналысудың пайдасы – адамды үнемділікке, төзімділік пен сабырлылыққа, тазалық пен әсемдікке баулып, жан дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді. Менің де қызым, немерем үйреніп алған.

Мамыр мерекесі де құрақ көрпе сияқты – қызылды-жасылды реңдерімен көз тартатын, түрлі-түсті маталар секілді әртүрлі ұлт пен ұлысты біріктіріп, татулық пен бірліктің символына айналған ерекше кезең. Құрақтың әр қиындысы секілді бұл мейрам да сан алуан мәдениеттің тоғысқан тұсы, жүректерді жақындататын, ел ішіне шаттық пен жарасымды сыйлайтын күн.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА 

Суреттерді түсірген Жансая Сәбитбек

Әулиекөл ауданы,

Новселов ауылы.