Қостанайлық жазушылар Алматыда құрметке ие болды

Қостанайлық жазушылар Алматыда құрметке ие болды

Алматы қаласындағы «Әдебиетшілер үйінде» өткен дәстүрлі Әдеби жыл қорытындысында Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанұзақ Аязбековке «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағы тапсырылды. Осы кеште тағы бір жерлесіміз, ілеспе аударманың негізін қалаушы, қаламгер Камал Әлпейісова Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері атанды.

Әдебиет әлемінің ардагерлері мен жас қаламгерлері бас қосқан бұл алқалы жиынның шымылдығын Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов ашып, жүрекжарды сөз сөйледі. Ол өз сөзінде қазақ әдебиетінің бүгінгі тынысы мен шығармашылық үдерістегі өзекті мәселелерге тоқталып, қалам ұстаған қауымға жаңа табыс пен шығармашылық шабыт тіледі.

Кіріспе сөзден кейін Жазушылар одағының 2024 жыл ішінде атқарған ауқымды жұмыстары жөнінде арнайы әзірленген бейнематериал ұсынылды. Онда бір жыл ішінде жүзеге асқан әдеби бастамалар мен мәдени жобалардың ауқымы мен маңызы көркем өрнектелді.

Іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов жүргізді. Әдебиет мерекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлер мен Жазушылар одағының аймақтық өкілдері қатысып, руханият төрінен орын алды.

Олардың арасында Жазушылар одағы облыстық филалының төрағасы Жанұзақ Аязбеков те бар.

Жанұзақ Аязбекұлына әдебиеттің дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағы берілді.

Жанұзақ Аязбекұлы ғұмырының біраз бөлігін өңіріміздің журналистикасына арнаған қаламгер. Бірнеше жыл телевизия саласында еңбек етіп, «Қостанай таңы» газетінде бас редакторлық қызмет атқарды.

Жиында 2024 жылы жарық көрген әдеби туындылар мен басылымдарға әділ талдау жасалып, бір жыл ішінде әдебиетте қол жеткізілген жетістіктер мен кездескен түйткілдер жан-жақты сарапқа салынды. Қаламгерлер ұлттық руханияттың бүгіні мен болашағы жайлы келелі ой қозғады.