Құраманың әзірлігі қалай? 20 наурыз – Ұлттық спорт күні

Құраманың әзірлігі қалай?

Облыста қазір ұлттық ат спортына жіті назар аударылып келеді. Былтыр облыстың құрама командасы көкпардан Тараз қаласында өткен республикалық жарысты күміс жүлдеге қол жеткізді. Жуырда ел чемпионатына   дайындық кезеңдері басталып кетті. Осы жөнінде көкпардан облыс құрамасының капитаны Бақдәулет Асановпен әңгімелескен едік.

 

Алда ірі додалар

 

– Бақдәулет, жалпы көкпар мен аударыспақтан біздің спортшылардың аяқ алысы оңалып келе жатқан сияқты. Республикадан күміс жүлдеге қол жеткізу оңай жұмыстардың атқарылмағанын білдіреді. Биылғы дайындық барысына тоқталсаңыз.

 

– Дайындық турнирлерін өткізуді қолға алып жатырмыз. Алда үлкен дода жақындап қалғанын айта кету керек. Сәуір айының жиырмасы мен отызы аралығында Қызылорда облысында көкпардан чемпионат өтеді. Осы жарысқа спортшыларымызды іріктеу үшін Қостанай облысының көкпар мен аударыспақтан ашық чемпионаты өткіздік.

Бес команда келіп қатысты. Атап айтатын болсақ, Қостанай ауданының “Олжа”, Қостанай облысының “Ұлттық спорт мектебі”,  Сарыкөл ауданының,  Бейімбет Майлин ауданының, Жанкелдин ауданының “Торғай” командалары бой көрсетті.  Қостанай ауданының “Олжа” командасы бірінші орын,  Ұлттық спорт мектебі екінші орын, Жанкелдин ауданынан келген “Торғай” командасы үшінші орынға ие болды. Одан кейін аударыспақтан алты салмақ дәрежесі бойынша (62, 68, 74, 82, 90, 90-нан жоғары салмақта)Қостанай облысының ашық чемпионаты ұйымдастырдық. Барлығы 48 қатысушы күш сынасты. Жарысқа сырттан Ақтөбе,  Жамбыл облыстарының спортшылары келді. Лисаков қаласының,  Жанкелдин, Сарыкөл, Б. Майлин,  Қостанай ауданының және ұлттық спорт мектебінің өкілдері бақ сынады.

 

Инфрақұрылым сақадай сай

 

– Бәрекелді! Көкпар ғана емес, аударыспақты дамытуды қатар қолға алған екенсіздер.

 

– Жарыстың бас демеушісі Қазақстан көкпар федерациясының Президенті  Ходжаназаров Айдарбек Асанұлы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы және Қостанай ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшылығы бірігіп, біздегі ат спортына үлкен қолдау көрсетіп отыр. Аударыспақтан қазан айында республиканың жиырма облысынан командалар қабылдап,  ел чемпионатын ұйымдастырылады. Мұнда чемпионат қабылдауға қолайлы әлемдік стандартқа сай манеж салынған. Ішінде барлық жағдай жасалған. Осы жерде айтпағымыз, аударыспақтан бізде ел чемпионы шығып көрген жоқ. Басты мақсатымыз, осы дәрежеге өз аренамызда қол жеткізу.

– Барлық арман-мақсаттарыңыз орындалып, Алла жігіттердің тілеуін берсін!Жаңа бір сөзіңізде сәуірде көкпардан ел чемпионатынын айтып қалдыңыз. Айтулы додаға кімдер қатысқалы отыр?

– Қызылорда қаласына Қостанай облысының құрама командасы барады. Былтыр күміс жүлде алған едік. Былтырғы құрамымыз  сақталды. Қатарға жас шабандоздар қосылды. Бабы келіскен жаңадан басқа аттар алынды.

– Жалпы құрама команда іріктеу жарыстарына қатысқан ұжымдардың арасынан таңдалып алынады ғой. Осы жарыста кімдер атап өтер едіңіз?

– Бұл жолы номинация берілген жоқ. Ең ерекше көзге түскен ұжым ретінде Жанкелдин ауданының Торғай командасын айтар едім. Көкпармен былтырдан бері ғана айналысып, бір жылдың ішінде өте жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатыр.

 

– Әңгімеңізге рақмет, жеңісті күндерде жүздескенше!

 

Әңгімелескен – Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген –  Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу