Алғашқы күні қостанайлық полиция қызметкерлері 500-ден астам құқық бұзушылықты анықтады.
Олардың 100-ден астамы қоғамдық орында мас күйінде жүру деректерімен байланысты.
Полицейлер тыныштықты бұзғаны үшін осындай 10 адамды жауапқа тартқан.
Ювеналды полиция кәмелетке толмаған 45 жасөспірімнің түнгі уақытта тұрғын үйден тыс ойын-сауық орындарында жүргенін анықтады. Олар үшін ата-аналар жауапты болды.
Облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Мақсұт Ералиев бұл жұмыстарға қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауға 750 — ге жуық полицей, әскери қызметшілер мен полицияның қоғамдық көмекшілері жұмылдырылғанын айтып отыр.
«Жылдамдық режимін бұзғаны үшін 78 көлік иесі жауапқа тартылды. Мас күйінде көлік жүргізген 6 жүргізуші және көлікті басқару құқығынан айырылған 2 жүргізуші анықталды. Жолда рұқсат етілмеген жерден өткен 50 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – дейді ол.
Ведомство өкілі жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің қатысуымен 28 жол-көлік оқиғасы орын алғанын, салдарынан 1 жаяу жүргінші қаза тапқанын, 29 адам жарақат алғанын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, «Құқықтық тәртіп» жедел алдын-алу шарасы бүкіл республика бойынша 26-28 сәуір аралығында өтеді.