Құмар Ақсақалов: “Табиғат байлығына немқұрайлы қарамауымыз керек”

Құмар Ақсақалов: “Табиғат байлығына немқұрайлы қарамауымыз керек”

Жалпы, елімізде өрт қауіпсіздігін сақтау 10 баллмен есептелсе, біздің облыс 7,9 баллға ие. Өңірде орман өртінің 70% – і бейнекамералар арқылы анықталады. Былтыр осындай 34 камера сатып алынды. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбеков айтты.

“Өрттің 70% -ін осы бейнекамералар арқылы анықтаймыз. Барлық факті журналға тіркеледі. 2024 жылы біздегі өрт қауіпсіздігін сақтау маусымына дайындық 7,9 баллмен бағаланды. Яғни, бағалау көрсеткіші көңілге қонымды. Тексеру жұмыстарын облыстық орман шаруашылығы аумақтық инспекциясы және экология министрлігі Орман шаруашылығы комитетінің Республикалық комиссиясы жүргізді”, –  дейді басқарма басшысы.

Облыс әкімі сабан мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдықтарын заңсыз жағуға бақылауды күшейту қажеттігіне ерекше тоқталды.

“Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қатысты мынаны айтқым келеді. Олар қазір егін алқаптарында сабанды өртей бастайды. От бір орнында тұра ма, шарпыған жалын жас өскіндерді отқа орайды. Табиғат байлығына немқұрайлы қарамауымыз керек. Ал бізде барлығы жанып бітті, бірақ, ешкім жазаланған жоқ. Ауыл әкімдері бұған көз жұма қарайды. Учаскелік полиция инспекторлары бәрін тіркеуі керек. Қандайда бір ауылдық округ аумағында түтін шықса, барып айыппұл салыңыздар. Олар жазаланбайынша, жағуды тоқтатпайды”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Облыстық ТЖД бастығы Дамир Ермағамбетов өрт қаупі жоғары орман шаруашылықтарын тізіп берді. Әсіресе, Боровской, Аманқарағай, Басаман, Семиозер ормандарында күн ысыған кезде және желді күндері осы маңдағы өрт жағдайын ерекше бақылауда ұстаған жөн.

“Жалпы өрт қауіпсіздігі үшін жауапкершілік ТЖД қызметкерлері мен орман мекемелеріне ғана емес, адамдардың өзіне де жүктеледі. Отпен ойнамау керек. Құрғақ шөпті жанса, бой бермейді. Оның арты үлкен өртке әкелуі мүмкін. Сондықтан, облыс тұрғындарын от жағудан бас тартуға, демалыс орындарын қоқыстардан мұқият тазартуға және ең бастысы темекі тұқылын тастамауға шақырамын”, – деді облыс әкімі.

Құмар Ақсақалов елді мекендердің маңайындағы барлық қамысты шабу қажеттігін ескертті. Осыны ескермесе болмайды. Өңір басшысы мұны қала, аудан басшыларына міндеттеді. Өртті сөндіргеннен гөрі, оның алдын алу оңай.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу