Былтыр 45 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, оның 42 мыңы тұрақты және уақытша жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша және жұмыс орнында жұмыс берушіде 514 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткен.
Өңірдегі қазіргі ахуал туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Аида Құсайынова аймақ әкімдігінде өткен кеңейтілген жиында баяндады. Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту шараларын іске асыру барысы жан-жақты талқыланды.
«Оқыту 13 колледж, 6 оқу орталығы және 55 жұмыс беруші орындарда ұйымдастырылды. Бұл науқанды біздің басқарма «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, ауылшаруашылық басқармасымен бірлесіп жүргізудеміз. Оқуды аяқтағандардың 94,3% тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, 850 адам электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн-форматта сұранысқа ие кәсіпті меңгерді. Кәсіпкерлік бастамаларды дамытуды қолдау шеңберінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1467 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды аяқтады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттарды жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары арасынан 561 адам алды», – деді Аида Құсайынова.
Гранттардың көп бөлігі еңбек құралдары мен технологиялық жабдықтарды, жануарлар, мал және құс сатып алуға беріліпті. Былтыр облыста ұлттық жобаларды іске асыру барысында бизнес субъектілері тарапынан 21,7 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, оның 14,6 мыңы тұрақты жұмысқа алынған. Осы шаралардың барлығы жұмыссыздық деңгейінің артпауына және жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. Өңірде биыл кемінде 42 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Әсіресе, жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына басымдылық беріліп отыр.
«Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде кемінде 40 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда, оның ішінде 24 мың адамды жұмыспен қамту орталықтары ағымдағы бос жұмыс орындарына және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру көзделген. 3,6 мың адам инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында құрылған жұмыс орындарына тартылмақ. Мемлекет Басшысының он мың тұрғынға кемінде жүз жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде 11,4 мың адамды жеке бизнеске тарту үшін сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша 1,5 мыңға жуық адам оқытылады», – деді баяндамашы.
Сондай-ақ, биылдан бастап жастарға бизнесті дамытуға жәрдемдесу мақсатында жылдық 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін жеңілдікті микрокредиттер беру көзделген. Бұл мақсаттарға 180 жас кәсіпкерге шағын несие беру үшін 900 млн теңге қарастырылыпты. Несие алушыларға жеңілдіктер көзделіп отыр. Айталық, 3 сәуірдегі жағдай бойынша Аграрлық несие корпорациясы 120 млн теңге сомасына 26 өтінім қабылданған. Бұл кемінде 1631 адамға кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға жәрдем көрсетіледі деген сөз. Оның арасында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1250 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтеді. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 400 АЕК-ке дейін 201 адамға гранттар берілетін болады.
«Егде жастағы адамдарды жұмыспен қамту шараларымен қамту мақсатында «күміс жас» жобасының шарттары едәуір кеңейтілді. Егер бұрын жобаға тек зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар қатыса алса, бір жыл ішінде және жұмыс берушіге субсидиялар мөлшері жалақының 50%-ын құраса, енді жобаға 50 жастан асқан азаматтар қатыса алады, әрі жобаны іске асыру мерзімі 3 жылға дейін ұзартылды. Өткен жылы 130 жоспар бойынша зейнеткерлік жасқа дейінгі 134 азамат «күміс жас» жобасына қатысып, бірқатары тұрақты жұмысқа орналасқан», – деді А.Құсайынова.
Басты мақсат – аталған бағдарлама бойынша ауыл адамдары арасында атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын төмендету. Кез келген мемлекеттік бағдарламаның мақсаты, оның тиімділігі болуы керек. Бұл аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың жауапты мекемеге жүктеген тапсырмасы.
«Бүгінгі таңда облыста халықты жұмыспен қамтуға бағытталған көптеген бағдарламалар мен жобалар іске асырылуда. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамту шараларын іске асыруға үстіміздегі жылы барлығы 3,9 млрд теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 44%-ды құрады. Алайда, мемлекет тарапынан қабылданған барлық шараларға қарамастан, назар аударатын жағдайлар да бар. Мәселен, соңғы он жылда еңбек нарығындағы статистикалық деректерді талдау 8 динамиканы көрсетеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста жұмыспен қамтылған халықтың саны 454 мың адам, ал он жыл бұрын ол көрсеткіш шамамен 511 мың адамды құраған еді. Яғни, 57 мыңға, немесе 11% төмендеді, – деді Қ.Ақсақалов.
Кеңесті қорытындылай келе, аймақ басшысы халықты жұмыспен қамту мәселелері Мемлекет Басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Құмар Ақсақалов аудан, қалалардың әкімдіктеріне тұрақты жұмыс орындарын құруға басымдық бере отырып, 2023 жылға арналып бекітілген жұмысқа орналастыру жоспарының сапалы орындалуын тапсырды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.