Облыс орталығы ретінде Қостанай барлық бағытта белсенді дамуға тиіс. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов осылай деді. Облыстық әкімдікте өткен кеңесте Қостанай қаласының дамуына бағытталған мәселелер қаралды.
Соңғы жылдары қала бірқатар оң өзгеріс бар. Халық саны, негізінен көші-қон есебінен, жыл сайын артып келеді. Осыдан төрт жыл бұрын қалада 264 500 адам тұрса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 272 800-ге жетті. Тұрғындар санының өсуіне байланысты экономиканы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жайлы тұрмыс жағдайын жасау басты міндеттердің бірі болып отыр.
“Қостанай қаласы облыстың даму локомотиві саналады және өңірдің экономикалық даму деңгейін айқындайды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қалада облыстағы барлық өнеркәсіп өнімдерінің 57%-ы өндірілді. Бұл ірі жобалардың іске асырылуының нәтижесі. Инвестиция тартудың негізгі орталығы да Қостанай қаласы. Қазіргі таңда Қостанай еліміздің автокөлік жасау орталығы және кондитерлік астанасы болуға ұмтылуда. Шағын және орта бизнесті дамытуға келер болсақ, облыста жұмыс істейтін субъектілердің шамамен 50%-ы Қостанай қаласында шоғырланған. Жыл сайын шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Өткен жылы облыс бойынша бұл мақсатқа 11 млрд теңге бөлінді. Қолдау көрсетілген жобалардың 47%-ы Қостанай қаласына тиесілі. Бұл шаралардың нәтижесінде 2024 жылдың 9 айында қаладағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2%-ға өсіп, 32 300-ге жетті. Өнім шығару көлемі 3,5%-ға ұлғайып, 932 млрд теңгені құрады”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Сералы МЫРЗАБАЙ