Құмар Ақсақалов: «Бәрі тап-тұйнақтай орындалуы керек»

Құмар Ақсақалов: «Бәрі тап-тұйнақтай орындалуы керек»

Қазір өңірдегі 95 жылу қазандығының 29%-і ғана қысқы маусымға әзір. Жоспарға сәйкес Қостанай, Рудный, Арқалық, Лисаков және Жітіқара қалаларында алты бу және үш су жылыту қазандықтарында, бірінші турбоагрегатта, Арқалық ЖЭО химиялық су дайындау жүйесінде жөндеу жұмыстары және Жітіқара қаласының қазандығында газ тұтыну қондырғысының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Әулиекөл ауданының Құсмұрын кентіндегі №2 қазандықта төрт,  Меңдіқара ауданының орталық қазандығында бір су жылыту қазандықтары ауыстырылуда.

Аймақ әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен жиында облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дәурен Асқаров алдағы жылыту маусымына әзірлік барысын баяндады.

«Осы жылы Арқалық ЖЭО-да іске қосу-реттеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда және әкімдік дайындық паспортын алу мәселесін бақылауға алуы қажет. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар департаментінің талабымен білім беру объектілерінің қазандықтарын бөлек шығару бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда. Биыл Денисов, Жанкелдин, Қарабалық, Қарасу, Қостанай, Меңдіқара және Ұзынкөл аудандарында 743,1 млн теңгеге 18 қазандық шығару жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, Меңдіқара ауданында орталық аудандық аурухана мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің қазандықтарын бөлек орнатуға жалпы сомасы 72 млн теңге жұмсалмақ», – деді Д.Асқаров.

Үкімет басшысының тапсырмасымен 1 маусымға дейін жылу желілеріне техникалық тексеру жүргізіліпті. 743,6 км желінің 545,1 шақырымы зерттелген, қалған 203,6 км бұрын зерттелген немесе техникалық жағдайы жақсы. Зерттеу нәтижелері бойынша облыста жылумен жабдықтау желілерінің тозуы 55,8-тен 49,9%-ке дейін төмендеді дейді басқарма басшысы.

Қазір Қостанай, Рудный, Арқалық, Лисаков қалаларында жалпы ұзындығы 21,4 шақырым болатын жылу желілерінің 19 учаскесінде қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде, 10 шілдедегі жағдай бойынша жұмыстың 18,7%-і орындалған.

Облыс басшысы Әулиекөл, Жітіқара, Қарасу, Қостанай, Ұзынкөл, Лисаков, Рудный өңірлерінің жылу көздерін жөндеу жұмыстарының сылбыр орындалып жатқанын сынға алды. Сондай-ақ, Жітіқара, Қостанай, Ұзынкөл, Арқалық, Рудный аудан-қалаларындағы объектілердің жылыту маусымына дайындығы мәз емес. Ал, көмір жеткізу жағынан тағы да Ұзынкөл мен Жітіқара  көш соңында.

Облыс әкімі бірқатар өңірлер басшыларының қыс мезгіліне әзірлігі барысын тыңдады. Соның ішінде өткен жылы құбырлары жарылған Рудный қаласы бар. Шаһар басшылығына уақытты оздырмай, барлық ақауларды дер кезінде қалпына келтіруді тапсырды.

Ал Арқалық қаласы биылғы жылыту маусымын көмірмен бастауы керек. Ондағы жылу энергетикалық орталығына «Арқалық көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 48 мың тонна «қара алтын» жеткізуге шарт жасалған. Қыркүйек айына дейін күнгей қаладағы химиялық су дайындау жүйесін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуы қажет. Жобаның құны 583 млн теңгеге жуықтайды.

«Биыл аймағымыздағы жылу көздері, кварталішілік, магистраль желілерінің құрылысына 18 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл өткен жылға қарағанда 4,8 есеге артық! Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жылу жүйелерінің тозуын неғұрлым төмендету үшін біз жылына кемінде 20 шақырым жөндеп отыруымыз керек. Ал, көмірді осы бастан жеткізіп алған дұрыс. Себебі күзге қарай темір жол астық тасудан босамайды. Сол уақытта нағыз қарбалас болмауы керек», – деді аймақ басшысы.

Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

Суретті түсірген Бейбіт Мейрамұлы

Жаңалықтармен бөлісу