23 мая, 2025
Қостанайлық жас футболшылар күміс жүлдегер атанды

Қостанайлық жас футболшылар күміс жүлдегер атанды

Тобыл қаласында  шағын футболдан есту қабілеті төмен жасөспірімдер арасындағы халықаралық жарыстарға іріктеу турнирі мәреге жетті. Қостанайлық ұжым ақтық сайысқа жолдама алып, шымкенттік жастарға жол берді. Осылайша, жарыстың күміс жүлдегері атанды.

Шырайлы Шымкенттен келген Есенбек Атабаев жаттықтыратын ұжым осымен алтыншы рет ел чемпионы атанып отыр.

«Осы салада келе жатқаныма он бір жыл болды. Он рет жарысқа шығып, жетеуінде жүлделі болдық. Осыған дейін бірнеше оқу-жаттығу жиындары өтті. Бүгін соның жемісін көріп отырмыз», – дейді Есенбек Атабаев.

Бапкер осының алдындағы Астанамен ойынның тартысты өткенін айтады. Ал елорда спортшылары бүгін үшінші орын үшін болған ашық айқаста Солтүстік Қазақстан облысының өкілдерін 9:0 есебімен тізе бүктірді.

Айта кетейік, жасөспірімдердің аяқ алысын бақылауға осы жарыстың өтуіне мұрындық болған ҚР Туризм және спорт министрлігінің өкілдері де келді.

Спорттық даярлау орталығының спорт бойынша басқармасының басшысы Қайратбек Сейтбековтің айтуынша, биыл спортшыларымызды бірнеше халықаралық жарыстар күтіп тұр.

 «Бізде биыл бірнеше халықаралық жарыстар жоспарланып тұр. Италияда әлем чемпионаты болады. Сол бәсекеге осы балаларды іріктеп жатырмыз. Үздіктер арасынан құрама ойыншылары таңдалады. Ол үшін Қазақстанда да бір халықаралық сайыс ұйымдастыру жоспарда бар», – дейді Қайратбек Сейтбеков.

Шымкенттік Тұрсынбек Сейдалиев   бұл жарыстың үздік ойыншысы атанды. Бұл оның жасөспірімдер арасындағы соңғы ойыны болып тіркелді.

Жуырда ересектер құрамынан көріп қалуымыз ғажап емес. Үздіктердің ішінде қостанайлық Максим Грибенко да бар.

Алматылық Әскер Санжар мен Санжар Шаяхметов турнирде сегіз голдан соғып, үздік бомбардирлер ретінде танылды.

Камромбек Саидмухтаровқа тең келер қақпашы болған жоқ.

Айбек ЖҮЗБАЙ