Қостанайлық жастар «Jas LIGA» жобасында бақ сынады

Қостанайлық жастар «Jas LIGA» жобасында бақ сынады

Соңғы екі жылда Қостанай облысы жастарының арасында «Жас лига» деп аталатын спорттық жарыс өткізу әдемі дәстүрге айналды. Сайысқа қатысуға ынталы командалардың саны жыл сайын көбейіп, жүлде қоры да молая түсуде.

Биыл «Жас лига» ойындарының көктемгі маусымында шағын­футболдан 17 команда, үздік волейбол командасы атағы үшін 14 команда, баскетбол кубогына 13 команда сынға түсіп, бақ сынайды. Командалар өткен сенбіде Қостанайдағы Ә.Бөкейхан атындағы №29 мектептің ауласында жиналып, алғашқы кездесулерін өткізді. Осы аптаның демалыс күнінде көктемгі маусымның қорытындысы жасалып, жеңімпаздар анықталмақ.

Спорттық лиганы облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» және «Jastar Evolution» қоғамдық қоры бірлесе ұйымдастыруда. Жоба үш маусым бойы: көктем, жаз, күзгі мезгілдерінде жалғасады. Әр маусымда қомақты жүлде қоры қарастырылған. Осы аптаның соңында көктемгі маусымның қорытындысы жасалмақ. Жеңімпаздарға бір миллион теңгеге дейінгі жүлде қоры қарастырылып отыр. Ары қарай жазғы маусымның лигасы жұмысын бастайды.

Жарыстық ресми ашылуына облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев қатысып, командаларға сәттілік тіледі.

­ Осыдан екі жыл бұрын осы жобаны іске асыруды бастадық. Былтыр санаулы команда бақ сынаған еді. Жыл сайын қатысушылардың қатары толығуда. Жүлде қоры да артып келеді. Спорт додасына қатысуға бәріңіздің мүмкіндіктеріңіз бар. Шын мәнінде, жастар ­  Қазақстанның қозғаушы күшіне айналғаны қуантады. Жас толқынның белсенділігіне алғыс айтамын. Баршаңызға табыс тілеймін, ­ деді Марат Кенжебекұлы.

Елімізге белгілі футболшы, облысымыздың мақтанышы, «Тобыл» футбол командасының үздік ойыншысы  Нұрбол Жұмасқалиев та спорт сайысында төбе көрсетті.

Бәріңіз салауатты өмір салтын ұстанасыздар деген ойдамын. Командаларға жеңіс тілеймін. Осы жоба шабыт сыйласын, ­ деді Нұрбол Жұмасқалиев құттықау сөзінде.

Қымбат ДОСЖАНОВА.

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу