Қостанайлық жас сарбаздар Халық қаһарманымен кездесті

Қостанайлық жас сарбаздар Халық қаһарманымен кездесті

Қостанайға «Қазақ батырлары» қорының құрылтайшысы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев келді. Халық қаһарманының бүкіл өмірі мен жауынгерлік өмірбаяны Отан мен халыққа деген адалдықтың жарқын үлгісі, өскелең ұрпақ үшін үлгі болуға лайық.

Бақытжан Ертайұлы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға арнайы «Газель» жүк көлігімен Алматы қаласынан 1 тонна гуманитарлық жүк жеткізді. Олардың қатарында төсек-орын жабдықтары, жылы көрпелер, жастықтар, көрпелер, жаялықтар, санитарлық-гигиеналық құралдар, макарон өнімдері, ұн, өсімдік майлары, қант және т.б. бар.

Сонымен қатар, Бақытжан Ертаевтың Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесуі өтті. Халық қаһарманы өзінің өмірбаянының әртүрлі кезеңдері туралы айтып, қызықты фактілермен бөлісті, тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді.

“Жас сарбаздарымыз ант қабылдағаннан кейін Отанымызды қорғау жолында бәріне дайын болуы керек. Қиындыққа оңай беріле салмай, тәртіпке бағыну керек. Бауыржан Момышұлы: “Тәртіпке бағынған құл болмайды”, – деп бекер айтпаған. Әскери қатаңдықтың да өз орны бар. Қорғаныс саласында жұмыс істейтін мамандар жоғары кәсіпқойлыққа ие болуы керек”, – дейді Бақытжан Ертаев.

Сондай-ақ іс-шараға Қазақстанның Еңбек Ерлері  – Сайран Бұқанов пен Алмат Тұрсынов та қатысты.         

“Бүгінде Қазақстанның кең даласында өмір сүріп жатып, кезіндегі батырларымыздың өмірлік қуаты мен ынта-жігеріне таң қалудан шаршамаймыз. Біз аға буынның риясыз еңбегі, жоғары патриотизмі және Қазақстан жеріне деген зор адалдығы үшін сіңірген еңбегін жоғары бағалаймыз. Егеменді еліміздің бірлігі мәңгі болғай”, – дейді Сайран Балкенұлы.

Бұл іс-шара жас ұрпақтардың бойына патриотизм, Отанға, өз халқына деген сүйіспеншілік, антқа адалдық, лауазымдық міндеттерді мінсіз орындауға ұмтылу рухында тәрбиелеуге бағытталған. Іс-шара Жеңіс саябағында жалғасты. Онда Бақытжан Ертаев соғыс ардагерлерімен кездесу өткізді.

 

Диана БАТЫРБЕК

 Суреттерді түсірген – Бейбіт НҰРМҰХАН

Жаңалықтармен бөлісу