23 июня, 2025
Қостанайлық зейнеткер көршілерін біріктіріп, полициямен бірлесіп тәртіп орнатты

Қостанайлық зейнеткер көршілерін біріктіріп, полициямен бірлесіп тәртіп орнатты

Қостанай қаласының 61 жастағы тұрғыны Гүлнар Әмірова – бір адамның бастамасы бүкіл үйдің өмірін өзгерте алатынының жарқын үлгісі. Зейнетке шыққанына бір жыл ғана уақыт болғанына қарамастан, бұрынғы кәсіпкер демалысты емес, жүздеген адамның жайлылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды іске бел шеше кіріскен.

2022 жылдан бері ол Лермонтов көшесіндегі 500-ге жуық адам тұратын көпқабатты үйдің мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрайымы болып қызмет етеді. Бұл жауапты қызметке оны тұрғындар өздері ұсынған.

«Келісейін бе, жоқ па деп ұзақ ойландым. Алайда айналаңда тәртіп болсын десең — жауапкершілікті өзіңе алу керек», — дейді Гүлнар Әмірова.

Үйдің жаңа тынысы: фасадтан бастап бейнебақылау камераларына дейін

Оның басшылығымен үй адам танымастай өзгерген. Екі жылдың ішінде үйдің қасбеті жаңартылып, кәріз жүйесі жөнделді, кіреберістер ретке келтірілді: қабырғалар боялды, жарық шамдары ауыстырылды, линолеум төселді. Кіреберіс есігі жөнделіп, домофон орнатылды.

«3 бейнебақылау камерасын өз қаражатымызға орнаттық. Қауіпсіздік — үнемдеуге болмайтын нәрсе», — деп атап өтті ол.

Үй чатының құрылуы тұрғындарға барлық күнделікті мәселелерді — тазалықтан бастап қоқыс шығаруға дейін — онлайн талқылауға мүмкіндік берді. Велосипедтерді сақтау мен қоқыс шығарудың нақты тәртібі қалыптасты. Тәртіпті бәрі қадағалайды, алайда бастама иесі — бір адам.

МИБ төрайымы учаскелік полиция пунктімен тығыз жұмыс істеуді ерекше мақтанышпен айтады. Гүльнар Әмірованың айтуынша, бұрын ескерту айтылса, тұрғындар оны ашумен қабылдайтын. Қазір бәрі байыпты әрі саналы түрде қарайды.

«Кешкісін сағат 2-ге дейін кезекші секілді боламыз. Камералар бар, бәріміз бір-бірімізді танимыз. Қажет жағдайда бірден 102-ге хабарласамыз. Полиция тез келеді, өзара байланысымыз өте нәтижелі болды».

Полицияның аға учаскелік инспекторы Серғазы Жиембаевтың айтуынша, бұл үйде ішкі істер органдарында тіркеуде тұрған 15 адам бар — «ас үйдегі төбелесшілерден» бастап бұрын сотталғандарға дейін. Алайда МИБ төрайымымен бірлесе отырып, тиімді алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Тәулік бойы бірлесіп жұмыс істейміз. Ол кісіден хабар түссе — бірден жетеміз. Заң бұзушыларға дереу шара қолданамыз», — дейді полицей.

Қостанай қаласы Полиция басқармасының бастығы Болат Иманов құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі белсенді жұмысы үшін Гүлнар Әміроваға алғыс хат пен гүл шоқтарын табыс етті.

 

Ол нақты қауіпсіздік осындай жауапты азаматтардан басталатынын атап өтті.

«Заң мен тәртіп — әрқайсымыздан басталады. Осындай бейжай қарамайтын жандардың бары — қуанышты жағдай», — деді ол.

Жеке өмірінде қиындықтар болғанына қарамастан — Гүлнар ағасымен бірге қамқоршы болып табылады — ол үй шаруасына да, қоғамдық жұмысқа да уақыт табады.

«Мені бәрі таниды, мен адамдардың ортасындамын. Үй — үлкен отбасы сияқты. Ал тәртіп өзімізден басталады», — дейді ол.

МИБ төрайымының жұмысы көп жағдайда көзге көрінбесе де, маңызы зор. Осындай азаматтардың арқасында көпқабатты үйлер тек таза әрі жайлы ғана емес, қауіпсіз де бола түседі.