Қостанайлық тұрғын лицензиясы жоқ салонға алданып қалған

Қостанайлық тұрғын лицензиясы жоқ салонға алданып қалған

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, қапы қалған тұтынушының ақшасы толық қайтарылған көрінеді.

Мәселенің мәнісіне  келсек, осы жазда Қостанай қаласының тұрғыны консультативтік-диагностикалық және дерматокосметологиялық қызмет үшін салонға 1 200 000 теңге төлейді. Алайда уәде етілген қызметті көрмегендіктен келісімді бұзып,  салон әкімшілігіне ақшаны толық қайтару жөнінде талап қояды. Салон бұл талап арызға жауап бермегендіктен,  Тұтынушылар құқығын қорғау және сауда департаментіне жүгінді.

«Департаменттің тексерісі салонның талап арызға жауап бермегенін анықтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар келісімшартқа тұтынушылардың құқықтарын шектейтін шарттарды, оның ішінде ақшаны қайтармау туралы ережені алып тастау жөнінде нұсқама берілді. Тұтынушыға сотқа жүгіну ұсынылды», – делінген ресми мәлімдемеде.

Сот барысында салонның дерматокосметологиялық процедураларды лицензиясыз өткізгені анықталған. Себебі бұл қызметтер медициналық қызметтер қатарына жатады. Сот салонды тұтынушыға барлық төленген соманы қайтаруға міндеттеді.

«Бұл жағдай кәсіпкердің заң талаптарын орындауы міндетті екенін, ал тұтынушы сапалы әрі қауіпсіз қызмет алу құқығына ие екенін тағы бір рет көрсетеді. Департамент өңір тұрғындарының құқықтарын тұрақты қорғайды және бақылауды күшейтеді», – деді Костанай облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы К. Акижанов.

Биылғы жылдың басынан бастап департаментке 1452 өтініш түсті. Оның 717-сі жазбаша, 106-сы Telegram-бот арқылы, 269-ы «жылдам желіге» телефон арқылы қабылданған. 360 азамат жеке қабылдауда мамандардан кеңес алған. Тұтынушыларға 62,7 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған.

Мемлекеттік бақылау аясында 73 тексеру жүргізілді. Жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде 16 кәсіпкерге ескерту беріліп, 44 кәсіпкерге жалпы сомасы 1 397 000 теңге айыппұл салынды.